Өзгеше форматтағы ата-аналар жиналысы / 11?

16 ақпанда Шамалған ауылындағы орта мектептің 8 «а» сыныбының ата-аналары сынып жетекшісі Венера Жақсылыққызының шақыртуымен бас қосты. Әдеттегідей, балалардың сабақ үлгерімі мен тәртібі айтылады деген сеніммен жиналған ата-аналарды бұл жолы мектеп психологы Әсел Умурбекова күтіп алды. Сөйтіп, таңырқаған аналар мен әкелерді топқа бөліп, тренинг жүргізуді бастап кетті.

Мұғалім, ата-ана, оқушы арасындағы байланыстың маңыздылығын ашып, жиналғандар арасындағы байланысты арттыра түскен сабақ барысы өте қызық өткені анық. Бұл ретте психологтың ата-ананы - тамыр, мұғалімді – діңгек, оқушыны – жапырақ ретінде мысалға алуының өзінде үлкен мән жатыр еді. Себебі, ағаш өзінің тіршілігін тамырдан алады. Ал, діңгек сол тамырдан алған нәрді дамыта отыра жапыраққа береді. Жапырақ болса, ол – тіршіліктің бар екенінің белгісі әрі сол тіршіліктің жалғасы.

Әсіресе, ата-аналарға өз балаларының бейнесіне еніп сөйлеу, оқушының ойын жеткізу қиынға соқты. Дегенмен, сол арқылы олар өз перзенттерінің көңіл-күйі мен ішкі дүниесін түсіне түсті. Ал, мұғалім тобына жиналғандар ұстаздардың өздерінің балаларын тұлға ретінде қалыптастыру жолында қаншалықты тер төгіп жатқандығының байыбына барды.

Жалпы, екі сағатқа жуық өткен бас қосуда ешкім жалығып, пассивті көзқарас танытпады. Керісінше, барлық асығыс жұмыстарды ысырып тастап, тренингтің қызығына түскені соншалықты, алда да осындай сабақтар ұйымдастырып тұруды сұрады.

Ойын ойнату арқылы, психолог қай ата-ананың бала тәрбиесінде қандай проблемалары бар екенін бағамдай алды. Сол бойынша оларға бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін де айтты. Аналар мен әкелер де өзара тәжірибе бөлісіп, ұстаздарға өз ұсыныстарын жеткізіп жатты.

Соңынан Венера Жақсылыққызы оқушылардың үлгерімі жайлы да мәлімет беріп, ата-аналарды әрдайым ауызбіршілікте, мектеппен тығыз қарым-қатынаста болуға шақырды.

Жалпы, балалары өтпелі кезеңде жүріп, мінез-құлықтары өзгере бастаған үлкендер үшін бұл жиналыс өте пайдалы болды.