Гүл шоғы қойылды

Гүл шоғы қойылды

15 ақпан – Ауған жерінен кеңес әскерлерінің шығарылған күні. Міне, ауданымызда осы күнге орай Ауған соғысында қаза тапқандарға арналған ескерткішіне гүл шоғы қойылды.
Бұл рәсімге Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев, генерал-лейтенант Болат Дарыбеков, ауданымыздың әжелер алқасының төрайымы Ақлия Бекбайқызы, ауған соғысы ардагерлері мен қаза тапқан интернационалист-жауынгерлердің туыстары қатысты. Жиналғандар алдымен жақында ғана қайтыс болған ауған соғысының ардагері, Қарулы Күштердің отставкадағы полковнигі, жауынгерлер арасында «Қара майор» атанған Борис Керімбаевты бір минут үнсіз тұрып еске алды.
Жиынды ашқан қала әкімі Асқар Өкенұлы гүл қою рәсімі қанды қақтығыста қаза болған жерлестеріміздің құрметіне арналып отырғанын жеткізді.
– Ауғанстан жүректегі жазылмас жара. Отан алдындағы борышын адал орындаған, жауынгерлердің патриоттық сезімі мен ерлігін жас ұрпақ бойына сіңіріп, үлгі етуі тиіс. Әр азаматтың парызы отанын сүйе білу, қорғау, еліміздің гүлденіп, дамуы үшін адал еңбек ету. Еліміз тыныш, бірлігіміз берік болсын, ынтымағымыз арта берсін! – деді қала әкімі.
Сөз кезегі генерал-лейтенант Болат Керімжанұлына беріліп, ол ауған соғысының аяқталғанына 30 жыл уақыт өткенін және 10 жылға созылған сол бір сұрапыл соғыста қаза тапқан боздақтарымыздын есімдері мен ерліктері ешқашан да ұмытылмайтындығын айтты. Сондай-ақ, аудандық ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы С әбит Пішембаевқа соғысты ерлік көрсеткені үшін медаль табыстады.
Мұнан бөлек, сөз кезегі отставкадағы полковник Анарбай Байбосынұлы мен аудандық әжелер алқасының төрайымы Ақылия Бекбайқызына беріліп, олар қанды шайқаста құрбан болған боздақтардың есімдері ешқашан ұмытылмайтынын, оларды құрметпен еске алып, арамызда жүрген ардагерлерді ардақтау бүгінгі ұрпақтың адамгершілік парызы екенін жеткізді.
Бұдан кейін жиналған көпшілік ауған соғысы жауынгерлерінің ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар, жиын соныңда ауған соғысы құрбандарына Құран бағышталды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.