«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үйді сатып ала алады

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үйді сатып ала алады

«7-20-25» бағдарламасының қатысушылары «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған тұрғын үйді сатып алу мүмкіндігін алды. Осыған орай, тиісті өзгерістер 2019 жылдың басында күшіне енді. Бұған дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған тұрғын үйлер әкімдіктерде кезекте тұрғандар мен Қазақстан «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкінің» салымшылары арасында бөлініп келген еді. Мемлекеттік тұрғын үйдің бағалары нарыққа қарағанда арзан әрі өңірлерде көптеп салынады. Бір шаршы метрінің бағасы Астана, Алматы (қала маңындағы аймақтарды қоса алғанда), Атырау және Ақтау қалаларында 180 мың теңге, басқа өңірлерде 140 мың теңге құрайды. «7-20-25» арқылы «Нұрлы жер» бағдарламасының үйлерін алу айтарлықтай жеңіл. Оның бір себебі, әкімдікке кезекке тұру немесе ай сайын депозитке ақша жинаудың еш қажеті жоқ. Пәтерді таңдап, «7-20-25» бағдарламасына қатысушы банкке тұрғын үй құнының 20 пайызын алғашқы жарна ретінде салса жеткілікті.
«Нұрлы жер» бағдарламасының индикаторларына сәйкес ағымдағы жылы 20 мыңға жуық пәтер салу жоспарланып отыр. Ең көп пәтер Алматыда (3170), Шымкентте (1981), Астанада (1873) және Қостанай облысында (1794) берілетін болады.

«Баспана» Ипотекалық ұйымы» АҚ Сыртқы коммуникациялар департаменті.