«Павлодар» футбол клубы тек қағаз жүзінде құрылды – әкімдік

2020-08-04 13:00:45
Павлодар облысы туризм және спортты дамыту жөніндегі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Есембаев «Павлодар» футбол клубы қағаз жүзінде ғана құрылған команда екенін, сондай-ақ 2 лигада облыстың намысын «Ақсу» командасы қорғайтынын айтты. Pavlodarnews.kz сайтының хабарлауынша, «Ақсу» клубында жергілікті мамандар жұмыс жасап, жергілікті футболшылар ойнайды.

«Ertis» футбол клубында болған жағдайдан кейін жаңадан «Павлодар» клубын құрып, екінші лигадан бастап футболды дамыту жоспарланған болатын. Алайда, қазіргі уақытта екінші лигада облысымыздың атынан «Ақсу» клубы өнер көрсететіндіктен, «Павлодар» клубы жоспардан алынды. «Павлодар» тек қағаз жүзінде құрылды. Оған қаржы құйылмайды», - деді Нұрлан Есембаев.

Нұрлан Есембаевтың айтуынша, «Ақсу» клубын дамытуға Талғат Байсуфинов пен Юрий Ишутин секілді Қазақстан футболындағы белгілі тұлғалар көмектесіп жатыр. Клубқа үлкен тапсырма жүктелген.

«Белгілі азаматтардың жоспарын облыс басшылығы қолдады. «Ақсудың» алдына келесі маусымда бірінші лигаға өту тапсырмасы қойылды. Қиын болса да, мамандар тапсырманы орындауға уәде берді. Құрам 100 пайыз жергілікті ойыншылардан жасақталады. Легионерлер шақырылмайды. Клубтағы бапкерлер мен өзге де мамандар өз өңірімізден болады», - деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Сонымен қатар, жиында «Ақсу» клубының бюджеті 45 млн теңге болатыны айтылды. Клуб жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Клуб жанынан бюджеті 15 млн теңге болатын балалар футбол орталығы да ашылмақ.

«Клуб құрамындағы футболшылардың жалақысы 60 мың теңгеден басталады. ТОП ойыншылар 300 мың теңгеге дейін алады. Оған қоса, ашылатын орталықта балалар жаттығып, республикалық жарыстарға қатысады. Егер орталық жұмыс жасамаса, қаржы кері қайтарылады», - деді Нұрлан Есембаев.

«Ақсу» клубының базасы Павлодар қаласындағы «Жұлдыз» стадионында орналасады. Сондай-ақ Ақсу қаласында да базасы болады. Балалар орталығы түгелдей іске қосылса, орталық стадионға ауыстыру қарастырылады. Ал, клуб үйдегі матчтарды «Жұлдыз» немесе орталық стадионда өткізеді.

Еске салайық, «Ақсу» клубы 3 жыл қатарынан екінші лигада өнер көрсетіп келеді. «Ertis» клубындағы жергілікті ойыншылар «Ақсу» мен «Екібастұз» клубтарына ауысады. Қазіргі уақытта Руслан Есімов пен Артем Попов екібастұздық клубпен келісімшарт жасасуда.

Ал, «Ертіс» балалар футбол орталығы өз жұмысын жалғастырады. Орталықта жастарына байланысты 6 топта 625 бала тәрбиеленуде. «Екібастұз» балалар орталығында да 6 топ бар. Жаңадан ашылатын «Ақсу» орталығында 3 топ ашылмақ.

Еске сала кетейік, 30 мамырда павлодарлық «Ertis» командасы қаржылық қиындықтарға байланысты премьер-лигадан шығатынын мәлімдеді.