Полиция қызметкерінің өліміне қатысты жабық сот процесі аяқталды. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты полицияда қызмет еткен марқұм әйелдің күйеуіне үкім шығарды.
«Кінәлі деп танылсын, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа тәртіптегі түзеу мекемесінде өтеп, полиция аға лейтенанты атағынан айырылсын», – деді судья.
Үкім жарияланғаннан кейін судья Аделия Хасенова шешімді түсіндіріп, істің кейбір жай-жапсарын жариялады.
2023 жылдың 31 қазанында ер адам асүйде әйелімен жанжалдасып, оны ұзартқыш тоқпен қылқындырған. Сол мезетте әйел қарсыласпасын деп денесін күшпен басқан. Сотталушы мұнымен тоқтамай, қылмысын жасыру үшін әйелдің денесін гаражға апарып, өзін-өзі өлтіргендей етіп, тоққа іліп қойған.