Көктемдегі тасқын кезінде ондағы үйлердің төбесіне дейін су басып, кірпіштің 80% зақымдалған. Нәтижесінде, үйлердің қабырғалары пластилин секілді жұмсарып, аршыла бастаған. Сол үйлердің қабырғасын бағалаушы компания тұсқағаздармен жабуды шешіпті.
Зардап шеккендерге бүлінген үй-жайды бұзып, жаңа баспана сатып алуға уәде берілген. Алайда таяуда оларға үй сатып алуға ақша бөлінбегендіктен, су басқан үйлерді жөндейтіндерін айтыпты. Маусымның 3-і күні таңертең олар аудан әкімдігіне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін құжаттарға қол қоюға шақырылып, арты үлкен наразылыққа ұласқан.
Үйлерін алтыншы рет су басқан тұрғындар жергілікті әкімдіктен жаңа баспана алуды талап етуде. Өйткені жағдайдың қайталанатынына сенімді. Сонымен қатар билік тарапынан бөгет салуға уәде етілгенімен, халық оған да күмәнмен қарайтындарын айтады.
“Жобалау жұмыстарын жүргізуге келісім-шарт жасалып қойған. Қазір геодезиялық жұмыстар жүргізілуде. Бөгет, шамамен, Алтынсарин ауылындағы сорғы станциясының артында салынады. Су тасқынына төтеп беру жағын техникалық мамандар мен дизайнерлер есептеп береді. Бұл табиғи ресурстар және су ресурстары саласындағы уәкілетті органдармен келісіледі”, дейді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Маржан Досқалиева.
Тұрғындар өздеріне тиесілі мүліктің бағалануы келтірілген залалға сай емес деп есептейді. Мүлікті бағалау жұмысын «Эксперт плюс» ЖШС анықтаған. Оның қызметкерлері үйлерді аралап, бүлінген үй-жайдың күрделі болуына қарай келтірілген зиянның пайызын тіркеген. Осы актілердің негізінде «Стелла+» ЖШС жөндеу қорытындысын жасап, үйлерге нақты қандай жұмыс қажет екенін айтқан.
Жергілікті тұрғын Жексінбай Исмағамбетов 10 үйде 1-ші топтағы мүгедек ұлымен тұрады. Сәуірдің 6-сы күні үйлері су астында қалған.
“Басында пластикалық терезелер мен сымдарды толығымен өзгерту керек деп жазды. Енді шыдайды деп жазып жатыр. Олар бізге болмашы ақшаға жөндеу жасамақшы”, – деп ашуланады ол.
Ал Қостанай облысы әкімінің тағы бір орынбасары Бағдат Мұханов мүлікті бағалау жұмыстарын Stella+ мамандары жүргізгенін айтады.
Тұрғындар бағалаушы компанияны заң бойынша зардап шеккендер таңдайтынын, алайда оларға әкімдік «Стелла+» ЖШС-ны бекіткенін айтады. Ал, әкімдік бағалауға басқа үміткерлер болмағанын алға тартады.
Сонымен қатар тұрғындардың сөзінше, бүлінген үйлерді тексеруге небәрі 25 минут қана кеткен. Яғни, арнайы құрылғы болмаған, тіпті қабырғаларды ұстап та көрмей, тек визуалды түрде бағаланған.