ҚР СІМ не дейді
Қазақстан Ақ үйдің Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату, кепілге алынған адамдарды босату, гуманитарлық көмекті қамтамасыз ету, сондай-ақ халықаралық қоғамдастықтың қолдауымен Газа секторын қалпына келтіру жайлы негізгі ережелерден тұратын бейбітшілік бастамасын құптайды.
– Ұсынылған шаралар жүзеге асырылған жағдайда, олар бейбіт тұрғындардың қазасы мен құрбандар санын тоқтатуға мүмкіндік береді, сондай-ақ өңірде бейбітшілік орнауының алғышарты бола алады деген үміт білдіреміз. Ұзақ жылға созылған қақтығыстың жалғыз шешімі ретінде «екі халық үшін екі мемлекет» формуласы негізінде астанасы Шығыс Иерусалим деп белгіленген Палестина Мемлекетін құру туралы Қазақстанның мызғымас ұстанымын растаймыз, – делінген ҚР СІМ хабарламасында.
Ақ үйдің жоспары
Еске сала кетейік, 31 мамырда Байден Газа секторында атысты тоқтату жоспарын ұсынған еді. Ол үш сатылы қақтығысты азайту стратегиясын қамтиды, соның ішінде тұрақты бітімгершілік және Израиль әскерлерін Палестина территориясынан шығару ұсынысы бар. Байден бұл жоспар ХАМАС өкілдеріне катарлық делдалдар арқылы берілгенін хабарлады. Ол Хамасты бұл ұсынысты қабылдауға шақырды, Израиль өзінің қауіпсіздігінен қорықпай келісім жасай алатынын баса айтты.
24 мамырда Гаагадағы БҰҰ Халықаралық соты Израильден Рафахтағы әскери операцияны тоқтатуды талап етті. Сот Израиль Газа секторындағы Палестина халқының «толық немесе ішінара физикалық жойылуына» әкелуі мүмкін қалада «өзінің әскери шабуылын және басқа да әрекеттерін дереу тоқтатуы» керек деді. Алайда Израиль билігі БҰҰ сотының үкімі соғыс қимылдарына орын қалдырады деп санап, операцияны жалғастырды.
Соңғы үш аптада соғыс қимылдарына байланысты Газа секторының басқа бөліктеріндегі шайқастардан қашқан миллионға жуық палестиналық Газа секторының Египетпен шекарасында орналасқан Рафахтан кетті. БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш Израильдің Рафахтағы операциясы гуманитарлық кошмар болуы мүмкін деп мәлімдеді.
Рафах – Газа секторының оңтүстігіндегі операция кезінде Израиль әскери күштері басып алмаған соңғы қала. Израиль билігі бірнеше ай бойы Хамас басшылығын толығымен жою үшін қажет деп санайтын Рафахта әскери операция жүргізуді талап еткен.
Кейін ұсынысқа Хамас та, Израиль тарапы да жауап берді.