Жақында «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» Жамбыл облысы филианың директоры Нұрахмет Ысқақовтың әлеуметтік желілердегі блогерлердің сабағынан кейін бала күтіміне байланысты әйелдердің жаппай миллион теңгемен декретке шығуы көбейген деген мәлімдемесі тарады.
Оның айтуынша, қазір депутат болып отырған Дәулет Мұқаев сияқты кезіндегі блогерлердің «ИП арқылы декретке миллионмен» деп аталатын сабақтарының түпкі мақсаты дұрыс емес. Адамдар өздеріне керек кезеңге ғана салық төлейді. Яғни, бала күтімі мен декреттік төлемді көбірек алуды көздейді. Ондай жеке кәсіпкерліктің барлығы шын мәнінде бизнеспен айналысып отырғаны күмән тудырады.
Біз Нұрахмет Ысқақовтың өзіне хабарласып, осы ойына қатысты сұхбат алуға тырыстық. Алайда, сұхбат беруден бас тартып азар да безер болған ол «бұл – менің жеке пікірім» дегенді айтып, енді мазаламауды сұрады.
Ал, Instagram-да 2,5 млн оқырманы бар dauletten парақшасында «ИП арқылы декретке миллионмен» деп аталатын жазбаларды көруге болады. Мысалы, солардың бірінде: «өзіңіздің ИП-ңыз арқылы толық декреттік төлемдер қанша түсетінін есептеп үйренгіңіз келсе «Декретке миллионмен» сабағына -65% жеңілдік жалғасып жатыр. Сабақ құны 3500 теңге», — деген хабарлама бар.
Бұндай сабақтар мен консультациялардың нарықтағы құны 5-30 мың теңге аралығында екен. Олардың санында шек жоқ. Тіпті, кейбірі тек жеке кәсіпкерлік ашуға көмектессе, енді бірі жүктілік кезеңінің 7-8 айына дейін төлем жұмыстарын өздері жүргізіп беріп отырады. Соған сай қызметі үшін төлем алады. Мысалы, Аида Ашханбекова ЭЦҚ ашу үшін 500 теңге, ЖК ашу және жабу үшін 5000 теңге алады екен.
Осы ретте, Нұрахмет Ысқақовтың жоғарыда айтқан сынына қатысты мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың пікірін сұрап көрген едік. Оның айтуынша, «ИП арқылы декретке миллионмен» деп аталатын дәріс нақты кәсіппен айналыспайтындарға арналмаған.
«Баяғыда өзім сабақ өткізгенде де кәсібі жоқтарға жоламаңдар деп айтатынмын. Сабақ кезінде кімнің табысы қанша соған сай декреттік төлемді есептеп береміз. Яғни, сабақта формула есебі ғана айтылады. Егер өтірік чек жасап, шын мәнінде мемлекеттен төлем алу үшін ғана ЖК ашқандар болса, оларға биылдан бастап мораторийдің аяқталғанын айтып, салық органдары тексеретін болса, басы дауға қалатынын түсіндіреміз. ЖК ашқанан кейін бірден млн теңге аласың деген идеологияны қою керек», — дейді депутат.
Осы ретте, дептутат өзінің жобасын жалғастырып, сабақ беріп жүрген шәкірттері заңсыз әрекеттің туындамауын қатаң қадағалайтынын айтады. Мұқаев заңды белшеден басқандарды «салық органдары тексермейді ма?» деген сұрақты өзімізге қойды Депутат мемлекеттен декреттік төлем алу үшін ғана жеке кәсіпкерлік ашқандарға құзырлы органдар айыппұл арқалатуы тиіс екенін де айтады.
Жасыратыны жоқ бұндай жағдайлар қазір көптеп кездеседі. Мысалы, жоғары курс студенті Гүлжан есімді келіншек былтыр босанардың алдында ЖК арқылы зейнетақы және әлеуметтік төлем мен салық аударымын жасаған. Бұған дейін ешқандай жерде жұмыс істемегендіктен, декреттік төлем алудың жалғыз жолы ЖК болғанын айтады.
«Бір емес, екі ЖК арқылы аударым жасап отырдым. Баламды ерте босанып қалдым. Аяғым ауыр екенін де кеш білдім. ЖК ашып оған төлем жасағанша 4 ай болдық. Бірақ шүкір босанған кезде 800 мыңдай декреттік төлем алдым. Бірақ қазір өздеріңіз білесіздер, балаға кететін шығын өте көп. Киім-кешегі, сүті бар. Ай сайынғы алатын жөргекпұл балаға қажетті керек-жарақтың жартысын да жаппайды. Сондықтан амалы жоғынан аналар осындай әрекетке барады. Декреттік төлем көбейсе, ЖК ашып әуре болмайтын едік»,- дейді жалғызбасты ана.
Жанымша Нұрмағанбет есімді әлеуметтік желі қолданушысы: «Декретке миллионмен шығу үшін көбі ЖК ашады. Шағын бизнес. Іс жүзінде ол бизнес жоқ. Тек зейнетақы салып отырады. Еліміздің шағын бизнес кіріс-шығыс статистикасына да әсер етеді», — деп пікір қалдырған екен.
Жоғарыдағы Нұрахмет Ысқақовтың мәлімдемесі әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып жатыр. Оның бұл ұсынысын қолдайтындар да, керісінше қарсы пікір білдірушілер де табылып отыр.
Мысалы, Камшат Аленова есімді әлеуметтік желі қолданушысы: «ондай ақылды болса, ЖК ашқызбай-ақ әр босанған әйелге ана капиталы ретінде 2-3 млн төленсін» десе, Ақдидар Омарова «әйелдер тұрақты жұмысы болса да қосымша жұмыс істейді. Декретте отырып та 1045 курс оқып бизнес жасайды. Оны заңдастырып мемлекеттен көмек алайын десе, осындайлар шығады. Жөргекпұл түкке жетпейді. Оның көлемін мемлекет көтермейді. 3 жасқа дейін төлем беру туралы ұсыныс айтылды. Бірақ оны ешқашан қабылдамайды. Енді келіп пысық әйелдерді заңмен қудалатпақ па?», -дейді.
Елімізде биыл жыл басындағы көрсеткіш бойынша тіркелген жеке кәсіпкерлік саны бір жылда 8,5%-ға өскен екен. Салыстыру үшін айта кетейік, 2023 жылдың басында Қазақстанда 1,6 млн жеке кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Сөйтіп, бір жылдағы шағын кәсіпкерліктің өсімі бірден 30,7%-ға артқан. Статистикадан соңғы жылдары ЖК ашып, шағын бизнес жүргізуге ынта білдіргендердің қарасы көбейгенін көруге болады. Бірақ биыл шағын кәсіпкерлерді тексеруге жарияланған мораторий күшін жойды. Бұған қоса, жалпыға бірдей декларация енгізіліп отыр. Сондықтан ЖК арқылы расымен кәсібін өрге сүйреп отырғандар мен тек уақытша мемлекеттен төлем алу үшін ЖК иесі атанғандардың әрекеті әшкере болуы мүмкін.