Анықталғандай, әлеуметтік желіде жарияланған фотода атыраулық құтқарушылар емес, Шымкент қаласы, Қарағанды мен Алматы облыстары ТЖД қызметкерлері. Олар Атырау облысында су тасқынымен күрескен. Енді өздерінің тұрақты жұмыс орнына қайтып бара жатыр.
ТЖМ ресми өкілі Динара Нұрғалиева құтқарушылар барлық қажетті затпен қамтамасыз етілгенін нақтылады.
«Аталған фотода вагондарды ағыту-тиеу жұмыстары жүргізіліп жатқан. Құтқарушылар келген бойда жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен салтанатты түрде қарсы алу рәсімі жоспарланған»,- деді ол Azattyq Rýhy тілшісіне.
«ҚТЖ» компаниясының баспасөз қызметі құтқарушылар мінген пойыз жоспарлы түрде Қандыағаш стансасында 2,5 сағатқа аялдағанын растады.
«Су тасқынының салдарын жоюға қатысқан адамдарды тасымалдау үшін жолаушылар вагондарынан құрам жасақталды. Атырау-Сексеуіл-Жезқазған-Түркістан бағыты бойынша пойыз 2 маусым сағат 23.00-де Атыраудан жолға шықты. Жолда кетіп бара жатқанда локомотивті ауыстыру және вагондарды сумен жабдықтау үшін жоспарлы түрде аялдады. Мұндай маневрлер ірі стансаларда жүргізілді. Бүгін пойыз Қызылорда қаласына, ал ертең Түркеістанға келіп тоқтайды», — делінген жауапта.
Бұған дейін белгілі журналист Сандуғаш Дүйсенова әлеуметтік желідегі парақшасында Құлсарыға су тасқынымен күреске барған атыраулық құтқарушылар далада қалғанын жазған болатын.