Жұманғариннің жауабы
– Шын мәнінде бұл бізге қаттырақ тиіп жатыр. Мұның кесірінен көптеген логистикалық, сауда тізбектері үзіліп қалды. Біз санкция салушы коалицияның мүшесі емеспіз және осы біржақты санкциялық саясатты қолдамаймыз. Бірақ ол санкцияны сақтаймыз. Өйткені ол бізге экономикалық тұрғыдан тиімді. Біздің экономикамыз соншалық үлкен емес. Сәйкесінше санкция түссе, қысымын көтере алмаймыз. Біздің кәсіпорындар бірінші кезекте көтере алмайды, – дейді Жұманғарин.
Оның сөзінше, Қазақстан тарапы “үнемі диалог құрып келгісі келеді”.
– АҚШ-пен, Еуропалық одақпен жұмыс істейтін өкілдіктер бар. Мен осы жұмысты Қазақстанның ішінде вице-премьер ретінде басқарамын, — деді ол.
Астыққа қойылған шектеулер
Вице-премьер Ресей астығына қойылған шектеулердің Қазақстанға әсері зерделеніп жатқанын айтады.
– Санкция саясаты әсер ететін салалар соңғы қабылданған пакеттерде көрініс тапқан. Айтарлықтай алуан түрлі деуге болады. Әзірге ол санкциялар нақты азық-түлік өнімдерін қамтыған жоқ. Бірақ Еуроодақ Ресей мен Беларус бидайына экспорт бажын салғанын білесіздер. Бұл айтарлықтай салмақты аргумент. Яғни, осы шектеулер қандай да бір жолмен бізді де жанап кетпей ме, соны анықтап алу қажет. Өйткені біз Еуроодаққа айтарлықтай көп бидай экспорттаймыз», — деді Серік Жұманғарин.
Санкциялар
Ресейге қарсы салынып жатқан санкциялар ағыны толастар емес. Соғыс басталғалы әлем тарихындағы ең көп санкция Ресейге салынғаны айтылады. Ресейге экспорттауға тиым салынатын тауар тізімі кеңейіп, енді оның қатарына арнайы техника, бөлшектер мен электронды техника енгізілді. Сонымен қатар РФ арқылы транзитке тыйым салынды. Қазір тап осы транзитке салынған тыйымның зардабын Қазақстан тартудай ақ тартып жатыр.