БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілдігі балалардың құқықтары туралы қоғамның хабардар болуын арттыруға, балаларға қатысты зорлық-зомбылықты болдырмауға, сондай-ақ көшіп-қонушы отбасылардан шыққан балаларды қорғау проблемасын жария етуде достық ұстанымды ілгерілетуге бағытталған тренингтер топтамасын іске қосты.
БАҚ-та балалар проблемаларын жариялау кезінде жоғары кәсіби этикалық нормаларды сақтау балалардың құқықтарын ілгерілетуде маңызды рөл атқарады. Баланың мүдделері әрқашан бірінші кезекте тұруы керек. Оның қадір-қасиеті мен құқықтары құрметтелуі керек. Сондықтан 22-23 желтоқсанда БАҚ және әлеуметтік желілерде балалардың мәселелері мен проблемаларын этикалық жариялауға арналған алғашқы тренинг Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Ақтау, Қостанай, Шымкент, Өскемен қалаларынан, сондай-ақ Алматы облысынан БАҚ және блогерлердің қатысуымен онлайн-форматта өтті. Тренинг барысында қатысушылар балалармен байланысты жағдайларды заңнамалық және этикалық тұрғыдан дұрыс жариялау саласындағы халықаралық тәжірибенің деректерімен танысты. Сондай-ақ, қазақстандық кейстер терең талданды.
Көшіп-қонушы отбасылардан шыққан балалардың құқықтары мәселелеріне арналған екінші тренинг келесі жылдың қаңтар айында әкімдіктер, ҮЕҰ, БАҚ және блогерлер өкілдерінің қатысуымен өтеді. Жергілікті және халықаралық сарапшылар Қазақстандағы көшіп-қонушы отбасылардан шыққан балалардың кездесетін проблемалары, оларды қалай шешетіні, қазақстандық заңнама олардың құқықтарын қалай қорғайтыны туралы айтып береді.
Үшінші және соңғы тренингті 2021 жылдың қаңтар-ақпан айларында өткізу жоспарлануда. Қорытынды тренинг аясында халықаралық сарапшылар балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселелері туралы айтып береді. Олар әкімдіктердің, ҮЕҰ, БАҚ және блогерлік сала өкілдеріне коммуникациялық стратегияны әзірлеу тәсілдерін, сондай-ақ балаларға қатысты хабардарлықты арттыруға және зорлық-зомбылықты болдырмауға бағытталған коммуникациялық науқандарды өткізу кезеңдерін көрсетеді.
«Біз БАҚ пен блогерлер Қазақстандағы балалардың құқықтарымен байланысты жағдайды жария етіп қана қоймай, оларды жариялы кеңістікте белсенді түрде ілгерілете алатынына сенімдіміз. БАҚ пен әлеуметтік желілер қоғамдық пікір қалыптастырады және ақпараттық күн тәртібін белгілейді. Олар проблемаларды ашып қана қоймай, қолданыстағы әлеуметтік нормалардағы оң өзгерістерді белсенді түрде алға жылжыту арқылы олардың алдын-алу үшін үлкен әлеуетке ие. Біз Қазақстан Үкіметіне біздің бастамаларымызды қолдағаны үшін алғысымызды білдіреміз», - деп атап өтті Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Артур ван Дизен.
ЮНИСЕФ балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған тренингтерді іске қосты
2020-12-28 12:20:12