Ақтауда аққуды өлтіргендер қалай жазалануы мүмкін?

2020-12-28 08:20:16
Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы аққудың өліміне қатысты түсініктеме берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Инспекция мәліметінше, қызметкерлер оқиға орнына ("Яхта клубы" мен "Жартасты соқпақ" арасындағы жағалау) барған, алайда аққу ұшасын таппаған.

"Қызметкерлер жағалауды аралап, адам бара алмайтын жерлерді қарап шықты, алайда аққу ұшасы табылмады. Болжам бойынша, оны қаңғыбас иттер алып кеткен, себебі жағалауда ит іздері жатты", - дейді инспекция өкілдері.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы аққуды заңсыз өлтіргендер үшін 208 350 теңге мөлшерінде айыппұл мен ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті.

Бұл дерек бойынша облыстық аумақтық инспекция қызметкерлері Полиция департаментіне жүгінді.

Облыстық аумақтық инспекция егер қала тұрғындары аққудың өліміне қатысты қандай да бір ақпарат білсе мына номерлерге хабарласуды сұрайды: +7 (7292) 331 037 (қабылдау бөлмесі), +7 771 605 26 70 (баспасөз қызметі).

Еске салайық, бұған дейін Ақтаудағы 1а шағынауданындағы Жартасты соқпақ маңында өлген аққу табылғаны хабарланған болатын.