2030 жылға дейінгі тұжырымдама бойынша зейнетақы жүйесін қандай өзгерістер күтіп тұр? Сенаторлардың бұл сұрағына Үкімет басшысы Асқар Мамин ресми түрде жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетсек бұған дейін сенаторлар Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, 2030 жылға дейін зейнетақы жүйесін жаңғырту тұжырымдасының жобасын сынға алған еді. Олардың айтуынша аты дардай болса да, бұл тұжырымдамада ешқандай жаңалық жоқ. Есесіне, бұған дейін беріліп келген базалық зейнетақы төлемін, ең төменгі зейнетақы мен жинақталған зейнетақының сақталуын қамтамасыз ететін мемлекеттік кепілдемені біріктіріп, бір ғана кепілдендірілген төменгі зейнетақы деген ұғым енгізілгелі отыр. Бұл жерде де ауылдағы зейнеткерлер сол ең төменгі зейнетақыға тәуелді болайын деп тұр.
Бұл сауалға жауап берген Үкімет басшысы бүгінгі таңда жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушылардың саны 11,2 млн адам екенін, оның ішінде ауыл азаматтары 4,7 млн адам екенін хабарлайды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтарының сомасы 12,2 тлрн теңгеге жеткен. Оның 3,6 трлн теңгесі ауылдағы халыққа тиесілі. Зейнетақы төлемінің орташа мөлшері республика бойынша 121 282 теңгені (базалық – 29 520 теңге, ынтымақты – 64 538 теңге, жинақтаушы – 27 224 теңге), ал ауыл тұрғындарының зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 108 858 теңгені құрайды.
«Заңға сәйкес азаматтарға зейнетақы төлемін тағайындау кезінде еңбек өтілі, еңбек кітапшасындағы, ақпараттық жүйедегі мәліметтер немесе архив деректері негізінде есепке алынады. Мұндай мәліметтер болмаған жағдайда еңбек өтілін сот шешімі негізінде растауға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда зейнетақы жүйесін жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының екінші кезеңі іске асырылуда. Оның аясында базалық зейнетақыны 2030 жылдан бастап ең төменгі кепілдік берілген зейнетақыға айналдыру қарастырылған», - дейді Асқар Мамин.
Премьер-министр атап айтқанда, базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейі көлемінің 54 пайызынан 70 пайызына дейін арттыру, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілінің 5 жылдан кейінгі әрбір жылы үшін төлем мөлшерін 2 пайызға ұлғайту (бұл қазіргі кездегіден 10 пайызға артық), сондай-ақ мөлшердің ең жоғары шектеуін алып тастау көзделіп отырғанын айтады.
«Бұл шаралар зейнетақымен қамсыздандыру, оның ішінде табысы төмен азаматтардың өмір сүру деңгейін көтеруге мүмкіндік береді», - деп сендіреді Асқар Мамин.
2030 жылға дейінгі тұжырымдама: Зейнетақы жүйесін қандай өзгерістер күтіп тұр
2020-12-23 12:20:13