Қазақстан – Орта Азия мемлекеттері арасында Сирияға кеткен азаматтарын қайтарған алғашқы мемлекет. Бірнеше мәрте өткізілген «Жусан» арнайы операциясының арқасында жүздеген отандасымыздың табаны туған жердің топырағына тиді. Бүгінде олардың дені түзету мекемелерінде жазасын өтеп жүр. Петропавл қаласындағы 164/6 әйелдер колониясында да діни экстремизм үшін сотталғандар бар. Олардың бұрынғы діни көзқарасын өзгерту мүмкін бе, олар психологиялық тұрғыдан толыққанды оңалып, қалыпты өмірге орала ала ма? Azattyq Ruhy мамандар пікірін білген еді.
ШЕКАРА АСУҒА НЕ ИТЕРМЕЛЕЙДІ?
Тасыған байлық. Шалқыған өмір. Мамандардың айтуынша, адасушылардың көбі арбаушылардың ертегідегідей өмір жайында берген уәдесіне сеніп қалған.
«Дін – өте нәзік дүние. Бір ғана теріс қадам жасап, тез адасып кетуге болады. Ал ол қателікті түзетіп, қалыпты өмірге қайта оралу үшін көптеген жылдар қажет. Сол сәтте дұрыс деп ойлаған қате сенімнен арылу үшін қаншама уақыт кетеді. Мұндай жағдайда туған-туыс пен осы мәселеде дұрыс жол сілтейтін дінтанушылар мен психологтардың болғаны маңызды. Кез келген жазасын өтеуші – үйіне оралуды армандайды. Деструктивті діни ағым жетегінде кеткендердің жартысы бұрынғы ортасына жаңа адам болып оралады. Олар ата-анасының түсіністікпен қарағанын, туған-туыстарының бұрынғы қателіктерін бетіне баспағанын қалайды. Сондықтан, олардың айналасында қол ұшын беретін, жақсы көріп, өз ортасына қабылдайтын адамдардың болғаны дұрыс. Яғни, қоғамның қазақстандық моделі», - дейді Петропавл қаласындағы ЕС-164/6 түзету мекемесінің аға инспекторы, теолог Айгерім Қасенова.
Өзін Ұмайша деп таныстырған жазасын өтеуші 2014 жылы Сирияға аттанған. Ол жердегі «жұмақты» уәде еткен интернет-танысына сеніп қалғанын жасырмады. Бірнеше жыл бойы азап шеккен келіншек тезірек бостандыққа шығуды армандайды.
«Олармен ғаламтор арқылы таныстым. Шам елінде әділеттілік қана барын, қыз-келіншектер жұмыс істемейтінін айтты. Ер азаматтар оларды толықтай қамтамасыз ететінін жеткізді. Билет алып, ақша жіберген соң, көп кідірмей жолға шықтым. Бірақ діттеген жерге жеткенде оның бәрі жай ғана сөз екеніне көзім жетті. Бірақ шегінер жол болмады», - дейді әйел.
«САНАНЫ ЖАУЛАУ ҮШІН 3 САҒАТ ЖЕТКІЛІКТІ»
Деструктивті діни ағымдар жетегінде кетіп, шекера асқан әйелдердің арасында түрлі мысалдар жетерлік. Әрқилы өрілген тағдыр. Ортақ дүние – жат ағымдардың жетегіне еріп, адасу.
«Дін жолында адасушылықтың бірнеше себебі бар. Соның бірі – әйел күйеуінің соңынан еруге міндетті деген шарт. Қыздардың керемет өмір жайында уәдеге сеніп қалатына тағы бар. Интернет арқылы сананы жаулаушылар үшін 18-25 жас аралығындағы қыздар – таптырмас олжа. Келбетті жігіттерге олардың санасын жаулап алу үшін жүзбе-жүз кездесіп, 3 сағат сөйлесу жеткілікті. Ал ғаламтор арқылы болса, орта есеппен 3 апта. Олардың арбауына түсіп қалу оңай, шығу – қиынның қиыны. Олар жеке тұлғаны бұзады. Сириядан оралған әйелдер мен балалар бірінші кезекте психикалық-эмоционалдық тұрғыда әлсіреп қалған. Олар бірнеше жыл бойы мүлде басқа әлемде, соғыста болды. Елімізге олар бейбіт күнге оралды. Олар түзету мекемелеріне түскен кезде, карантиндк бөлімде бейімделу мерзімінен өтеді. Сол сәтте психолог, теологтардың жұмысы басталады. Әңгімелесу өткізіледі. Дін мамандары қатысады. Бірінші кезекте олармен ортақ тіл табысуымаз қажет. Кейде балалық шағында болған сюжеттерді де еске түсіруге тура келеді. Яғни, олардың есіне әлеуметтік пайдасы бар байланысты еске түсіру шарт. Біз жазасын өтеушілердің өз қателітерін ұғынып, дұрыс жолға түсуін, дәстүрлі діни көзқарасты қабылдауын қалаймыз», - дейді Айгерім Қасенова.
Діни білімді интернеттен іздеу – бұл басты қателіктердің бірі. Теолог маман жастардың дінге қатысты сұрақтардың жауабын тек арнайы білімі бар ғалымдар, имамдар мен теологтардан ғана алуға кеңес береді.
«Қасиетті Құран Кәрімде жазылғандай, Аллаһ Тағала шынайы ниетпен тәубесіне келгендердің кешірімін қабыл етеді. «Жусан» операциясының көмегімен Отанына оралғандар ұлтымыз үшін жат ағымның жетегінде адасқандықтарын ұғынды. Олар жағдайды өз көзімен көрді. Жазасын өтеп шыққаннан кейін қалыпты өмірге оралып жатқандар бар. Олармен ұстаздар, имамдар, тағы басқа мамандар жұмыс істеп, жәрдем береді. Бұл - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмыс бағыттарының бірі. Яғни, теріс ағымдармен күрес және сауат ашу», - дейді Петропавл қалалық Қызылжар мешітінің бас имамы Қасымхан Абдуллаұлы.
«Жусан» арнайы операциясы арқылы елімізге қайтарылған азаматтардың дені түзету мекемелерінде жазасын өтеп жүр. Олардың бостандыққа шығар күнді тағатсыздана күтетіні сөзсіз. Ал сол күнге де жете алмай жат елде, нақақтан нақақ қиылған тағдыр қаншама...
Адасу оңай, жол табу қиын – теолог
2020-12-20 08:20:15
Последние новости
20.12.2020
Внесены изменения в Трудовой кодекс РК
20.12.2020
Қаңтарда қанша күн демаламыз?
20.12.2020
Как отдохнут казахстанцы в январе