Алматыда учаскелік инспекторлар көпбалалы отбасыны өрттен құтқарып қалды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Таңертең Жансүгіров көшесіндегі жер үйдің моншасынан өрт шыққан.
Тілсіз жауды екі полицей байқапты. Түрксіб ауданы полиция басқармасының учаскелік инспекторы Жайнат Молдағали әріптесі Самат Нұровпен жұмысқа бара жатқан.
"Жансүгіров көшесінің бойымен келе жатқанда жеке сектордан қара түтін шығып жатқанын көрдік. Кері бұрылып, 657-ші үйге қарай жүгірдік. Қарасақ, монша өртеніп жатыр екен, өрт үйге тарап үлгерген. Ішінде адамдар болды. Қатты ұйықтап жатқандықтан, өртті сезбеген. Оларды бірден терезе арқылы шығара бастадық. Алдымен балаларды құтқардық. Отағасы арғы бөлмеден әжейді шығарды, біз оны терезе алдында күтіп алдық", - деді Молдағали.
Тәртіп сақшылары оқиға орнына қосымша көмек шақырған. Патрульдік экипаж келіп, көрші үйлердің тұрғындарын эвакуациялады.
Өрттен зардап шеккендер жоқ.
"Полицейлерге алғысым шексіз. Олар болмағанда, бүкіл отбасымызбен өртеніп кетер едік. Бізге көмектескені үшін көп рахмет", - деді төрт баланың анасы.
Мамандар тілсіз жаудың себептерін анықтап жатыр.
Алматыда жұмысқа бара жатқан полицейлер көпбалалы отбасын ажалдан аман алып қалды
2020-12-15 16:20:15
Последние новости
15.12.2020
Аким погиб в ДТП в Акмолинской области