Жүздеген алматылық қаржы пирамидасының құрбаны болғанын мәлімдеді. Қала тұрғындарының сөзінше, олар қожайыны шетел асып кеткен жеке компанияға ақша салған. Адамдар компания кеңсесін басып кірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz .
14 желтоқсан күндізгі уақытта компания кеңсесінің алдына бірнеше адам келді. Олар қаржы ұйымына ақша салған. Салымшылардың сөзінше, шамамен төрт мың клиент бар.
"Компаниядағылар салынған ақшаларды пайызбен қайтарып беруге уәде етті. Ай сайын жалпы соманың белгілі бір пайызы түсіп тұрды. Шарт бойынша, егер тағы бір адамды ертіп алып келсек кэшбек қосылатыны айтылды. Адам көп алып келген сайын пайызы да көбейе түседі. Мысалы мен бір миллион теңге салсам айына 80 мың теңгедей түсіп тұрды. Ал мен кіргізген тағы бір адам миллион теңге салса дәл сондай сома алып отырдым. Бірақ соңғы екі айда ақша түспей кетті", - дейді салымшылардың бірі.
"Шарт бойынша, ақша шотта екі-үш жылдай тұруы керек, сол кезде сома бірнеше есе көбейеді. Мен өзім салған ақшаны бір жарым жылдай жаратпай, сақтап жүрдім. Ұйымдастырушылар арасында пәтер мен қымбат тауарлар ұтысын жасайтын. Бірақ ол үшін 10 миллион теңге салу керек. Осылайша клиенттерді тартқан", - дейді салымшы.
Салымшылардың сөзінше, компанияның Қазақстан бойынша 10 бөлімшесі бар. Ал ақша екінші деңгейлердің бірінде жатыр екен. Тек салымшылар емес, сондай-ақ менеджерлер мен бас директордың орынбасары алданып қалған.
Салымшылар компанияның негізін қалаушы және бас директоры шетел асып кеткенін айтады.
Артынша желіде алматылық қаржы пирамидасының директоры болуы мүмкін деген ер адамның видеосы тарады. Ер адам екі жыл бұрын салымшылардың қаражатын тарту бойынша компания құрғанын айтады.
Ер адамның айтуынша, ол қыркүйек айында шетелге кетуге мәжбүр болған, себебі оның кәсібін "қауіпті адамдар тартып алмақ болған" екен. Қаржы пирамидасының директоры болуы мүмкін деген ер адам оның қайда екенін ешкім білмейтінін айтады.
Алматы қаласы Полиция департаменті өкілдерінің сөзінше, 14 желтоқсанда 99 салымшыдан арыз түскен. Бұл іспен Медеу ауданының Полиция басқармасы айналысып жатыр.
"Жәбірленушілердің сөзінше, компания басшысы салымшылардың қаржысын көбейтіп беретінін сылтауратып, ақша жинап, қызмет көрсету бойынша жеке келіссөздер жасаған. Істің мән-жайын анықтауға және кінәлі адамдарды жауапкершілікке тартуға бағытталған қажет тергеу және жедел іс-шаралар жүргізіледі", - деді баспасөз қызметіндегілер.
Ведомство мәліметінше, тергеу барысы Алматы полиция департаменті басшылығының бақылауында. Бүгінде Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Кезекті қаржы пирамидасынан зардап шеккен алматылықтар компания кеңсесіне басып кірді
2020-12-15 16:20:14
Последние новости
15.12.2020
Аким погиб в ДТП в Акмолинской области