Ұзату той жасаған елордалықтар ұсталды

2020-08-08 11:00:42
Нұр-Сұлтан полицейлері елордалық демалыс орнында ұзату той жасағандарды анықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Отбасылық іс-шаралар өткізуге тыйым салынғанына қарамастан, қала тұрғындары "Құлагер" демалыс орнында ұзату той ұйымдастырған.

Қыздың ата-анасы мерекелік іс-шараға 50-ден астам қонақ шақырған.

"Бұл өрескел тәртіп бұзушылық, өйткені келген адамдарға, сондай-ақ олардың жақындарына вирус жұғу қаупі туындайды. Ереже бұзғандар учаскелік полиция инспекторларының вирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша жүргізген рейдтік іс-шаралары барысында анықталды. Тәртіп сақшылары мерекені тоқтатуға мәжбүр болды. Енді оны ұйымдастырғандарға үлкен айыппұл салынады", - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.

Нұр-Сұлтан Полиция департаменті өкілдері бас санитар дәрігердің қатаң шектеу шараларын жүргізу туралы қаулысына сәйкес, адамдар көп жиналатын мұндай іс-шараларға тыйым салынатынын ескертеді.

Тәртіп бұзушылыққа жол берген жауапты адамдарға қатысты жиналған материал ӘҚБтК-нің 425-бабы "Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу" бойынша әкімшілік жауапқа тарту шараларын қабылдау үшін тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілгені хабарланды.

Елордалық полицейлер қала тұрғындары мен қонақтарын карантин режимін сақтауға және жеке қорғаныс құралдарын қолдануға шақырады.