QazCovid-in: Вакцинаны өздеріне сынап көрген қазақстандық 7 ғалымның есімі белгілі болды

2020-08-06 11:00:47
Қазақ ғалымдарының коронавирусқа қарсы жасап шыққан вакцинасы қандай жолмен, неше күнде жасалып, қалай сынақтан өтіп жатқаны туралы экслюзив материал ұсынады,деп хабарлайды AzattyqRuhy.kz.


11 күн бұрын Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы дайындалған вакцина алғаш рет адамға сыналды. Вакцинаны сынақтан өткізу үшін оны дайындаған институттың басшылығын қосқанда, жеті ғалымға QazCovid-in деп аталатын бөгде зат егілген. Azattyq Rýhy тілшісі осы тақырыпта Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Әзиз Нахановпен сөйлесіп, қазақстандық ғалымдар жасап шыққан вакцина туралы сөйлесті. Әзиз Нахановтың айтуынша, қазір вакцина алған жеті ғалымның да жағдайы жақсы.

ВАКЦИНА АЛҒАШ СЫНАЛҒАН ЖЕТІ ҒАЛЫМ КІМ?

Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты Жамбыл облысының Қордай ауданында орналасқан. Дереккөздің хабарлауынша, институт қызметкерлерінің барлығы вакцинаны сынауға өз еріктерімен келіскен.

«26 шілде күні Қазақстанда алғашқы болып COVID-19-ға қарсы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институнда өндірілген QazCovid-in инактивтелген вакцинасын институтымыздың бас директоры Күнсұлу Закарья бастаған бес ғылыми қызметкерге, келесі күні тағы екі ғылыми қызметкеріне егілді. Вакцина егілген кейін, қызметкерлер клиникалық бақылауда, сонымен қатар қызметкерлер өзін-өзі бақылау күнделігін жазып отыр. 5 шілдедегі бақылау нәтижесі бойынша, вакцина егілгеннен кейін ешқайсысында жергілікті немесе жүйелік жағымсыз әсерлер байқалмады. Бақылау жалғасып отыр. Әрине, вакцинаны алу әр ғылыми қызметкердің өз еркімен болды», - дейді Әзиз Наханов.

Вакцинаны өзіне сынақтан өткізген ғалымдар мыналар:

Күнсұлу Дальтонқызы Закарья, биология ғылымдарының докторы;
Леспек Бекболатұлы Құтымбетов, ветеринария ғылымдарының докторы;
Ерғали Орынбасарұлы Әбдураимов, ветеринария ғылымдарының кандидаты;
Мұхит Бармақұлы Орынбаев, ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор;
Күлсаян Тұрлыбайқызы Сұлтанқұлова, биология ғылымдарының кандидаты;
Серғалы Шоратбайұлы Нұрабаев, PhD докторы;
Берік Мұхитұлы Хайруллин, ветеринария ғылымдарының кандидаты;

QAZCOVID-IN ВАКЦИНАСЫН ЖАСАУҒА НЕШЕ КҮН КЕТТІ?

Ғалымдар коронавирусқа қарсы отандық вакцина дайындау үшін бір жарым ай уақыт күні-түні зерттеу жүргізген. Вакцинаны арнайы торшаларда өсіріп, бөтен заттардан тазалау үшін Алматы қаласында індет жұқтырған бір адамнан сынама алынған.

«QazCovid-in вакцинасын дайындауға шамамен 45 күн уақыт кетті, бірақ жұмыс күні-түні жүргенін атап айту керек. 23 наурыз күні Алматы қаласындағы індеттік ауруханадан, коронавируспен ауырған адамнан патологиялық сынама алынды. Институтқа жеткізілген сынамадан 30 наурыз күні SARS-CoV-2 вирусы бөлініп, вирусты торшаларда өсіру жұмыстары жүргізілді. 9 мамыр күні COVID-19-ға қарсы алғашқы отандық QazCovid-in инактивтелген вакцинасын дайындалды. 15 мамырда COVID-19-ға қарсы алғашқы отандық QazCovid-in инактивтелген вакцинасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелді», - деп хабарлады бізге Әзиз Наханов.

Вакцина дайындау үшін вирусты белгілі бір жағдайда, ағзадан тыс торша өсіндісінде өсіреді. Торша өсіндісінде өсірілген вирусты өлтіреді, одан кейін бөгде заттардан тазалау жүргізіледі. Тазаланғаннан кейін адъювант қосу нәтижесінде вакцина алынады. Вакцина ауырған адам сынамасынан бөлініп алынған SARS-CoV-2 вирусы негізінде дайындалды.

ВАКЦИНА СӘТТІ СЫНАЛСА, ИНСТИТУТ 2 МЛН ДОЗАСЫН ДАЙЫНДАЙ АЛАДЫ

«Қазір COVID-19-ға қарсы Қазақстанның QazCovid-in инактивтелген вакцинасы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министірлігінің Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар сараптау ұлттық орталығында зертханалық жануарларға жасалатын клиникаға дейінгі сынақтардан сәтті өтіп жатыр. Алда, 18 жастан жоғары еріктілерде өтетін клиникалық зерттеулердің I/II фазыларынан кейін, Денсаулық сақтау министірлігі мақұлдаса өз күшімізбен вакцинаның 2 млн дозасын дайындай аламыз. Мемлекеттің қолдауымен салынып жатқан GMP талаптарына сәйкес келетін биофармзауыт іске қосылғаннан кейін, Қазақстан халқына толық жететіндей вакцина әзірлеу жоспарлануда», - дейді Әзиз Наханов.

Ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі отандық вакцинаны жасау жекелеген ғалымдардың емес, жалпы ұжымның еңбегі екенін айтты.

«Вакцина дайындау оңай шаруа емес, ол үшін білім, тәжірибе, ізденіс, материалдық-техникалық база және аянбай жұмыс жасау қажет. Әрине алдыңғы шепте жүрген ғылыми қызметкерлер бар. Негізі бұл ұжымның бірлесе атқарған қызметінің арқасында дайындалған вакцина. Сонымен қатар бұл Қазақстанда жасалған отандық өнім», - деді Әзиз Наханов.

Еске сала кетейік, жақында Білім және ғылым министрлігі Қазақстанда жасалған коронавирусқа қарсы вакцинаны сынақтан өткізу сәтті жүріп жатқанын хабарлады.