Жетісай ауданында мал бағуға кеткен 8 жасар бала үйіне қайта оралмаған

2020-07-30 09:00:44
Түркістан облысы, Жетісай ауданында мал бағуға кеткен 8 жасар бала үйіне қайта оралмаған. Өздігінен ұлдарын таба алмаған ата-анасы полицияға арызданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, ол күндізгі сағат 16:30 шамасында үйінен шығып кеткен. Баланы табу үшін Жетісай ауданының полицейлері мен әкімшілік қызметкерлері және еріктілер бірлесіп, жедел-іздестіру шараларын жүргізген. Олар ауыл ішін, көше-көшенің әрбірін мұқият қарап шыққан. Іздестіру жұмыстары жайылымдық жерлер мен егістік алқаптарында,арық-каналдар да жүргізілді. Соның нәтижесінде учаскелік полиция инспекторы Сапархан Кайпов пен баланың әкесі із-түссіз жоғалған баланы таңертеңгі сағат 08:30 шамасында ауыл жанынан, егістіктен тапқан.

«Тексеру барысында бала малдарын таппағандықтан, үйіне қайтуға қорыққанын айтқан. Сөйтіп, өзінің үйінің жанындағы отын арасында ұйықтап қалған. Ал таң ата салысымен қайтадан малдарын іздеп шыққаны белгілі болды. Қазіргі таңда баланы қараусыз жіберген ата-анасын әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылуда» делінген хабарламада.