Қазақстан ФИФА-дан 1,5 миллион доллар көмек алады

2020-07-30 09:00:44
Футбол федерациясы ФИФА-дан қаржылық көмек алатын болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл коронавирустық пандемияға байланысты шығындарды өтеу үшін жүзеге асырылады. Жалпы елімізге 1,5 миллион доллар бөлініп отыр.

ФИФА барлық 211 ұлттық федерациясынына көмек көрсетіп жатыр. Қазақстан да 1 миллион доллар көлемінде ақшалай өтемақы және әйелдер футболы үшін тағы 500 мың доллар алады.

Сонымен қатар, бөлінген сома індет салдарын жоюға жетіспей қалған федерацияларға 5 миллион долларға дейін несие алу мүмкіндігі беріледі.

Қаражат федерацияларға 2021 жылдың қаңтарына дейін аударылады.

Федерациялар бұл қаржыны жарыстарды қайта бастауға, ойынға қайта шақыру хаттамаларын жүзеге асыруға, бәсекеге түсетін ұлттық командаларға, қызметкерлердің еңбекақысына, футбол инфрақұрылымын ұстауға, жалпы әкімшілік және операциялық шығындарға жұмсайды.

Естеріңізге сала кетейік, футболдан Қазақстан чемпионаты биылғы жылы екі рет тоқтап қалды. Атап айтқанда, наурыз және шілдеде - коронавирустық пандемияға байланысты тоқтатылды.