Карантин режимінің ұзартылуы: Өңір әкімдеріне тапсырма берілді

2020-07-30 07:00:49
Карантин режимінің ұзартылуына байланысты өңір әкімдеріне тапсырма берілді. Бұл туралы кеше өткен Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Карантин режимінің ұзартылуына байланысты өңірлер әкімдіктеріне бизнес субъектілерімен карантин шаралары аяқталғаннан кейін олардың қызметін қалпына келтіру бойынша алдын ала жұмыс жүргізу тапсырылды.

Сондай-ақ, жиында Денсаулық сақтау министрлігіне ағымдағы жылдың 5 тамызына дейін енгізілетін нысандар бойынша санитарлық талаптарды бекіту және жариялау тапсырылды.

Еске салсақ, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссия Президент тапсырмаларын ерекше бақылауға алды.

Айта кетсек, Қазақстанда шілде айының ортасында екі аптаға созылатын карантин енгізілген болатын. Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру жөнінде кеңес өткізіп, карантин шараларын тағы екі аптаға ұзартуды тапсырған еді.