МӘМС пиар шығындарынан бас тартпақ

2020-07-27 13:00:56
Бұл туралы қор басшысы Болат Төкежанов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында "МӘМС жүйесінің коронавирус инфекциясымен күресудегі үлесі" тақырыбында өткен онлайн брифинг кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында ауқымды өзгерістер басталады. Олар ішкі үдерістерді өзгертуге, штаттың құрылымын қайта қарауға, шығындардың бір бөлігін оңтайландыруға, әкімшілік шығындарды азайтуға қатысты. Қор маңызды емес шығындардан, оның ішінде пиар шығындарынан бас тартып, 1 миллиардтан астам теңгені үнемдейді, - деді ол.

Оның айтуынша, Қор штаты санының азаюы қайталанатын функцияларды алып тастау есебінен жасалады. Қазір бұл шара орталық аппарат деңгейінде қарастырылуда, кейінірек бұл жұмыс филиалдарда да жүргізілетін болады.

Басқарма төрағасы сонымен қатар, Қордың активтері 2020 жылдың 1 қаңтарында 251 миллиард теңгені құрағанын айтты.

Қордың активтері 2020 жылдың 1 қаңтарында 251 миллиард теңгені құрады. Бірінші жартыжылдыққа түскен түсімдер 260 миллиард теңге болды, оның ішінде мемлекет жарналары - 147 миллиард теңгені немесе барлық түсімдердің 57 пайызын құрайды. Сондай-ақ, жұмыс берушілерден 76 миллиард теңге және өзін-өзі жұмыспен қамтығандардан 37 миллиард теңге түсті. Ал, 2020 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша медициналық сақтандыру қоры активтерінің қалдық көлемі - 361 миллиард теңгеден астам, - деді Төкежанов.

Болат Төкежанов бұған дейін коронавирус инфекциясын жұқтырған бір адамның емі қанша болатынын айтқан болатын.