Коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлер бүгінде ашық соғыс алаңындағы әскерлердей өз өмірлерін қауіп-қатерге тігіп, ел тұрғындарының денсаулығы үшін күресіп жүр. Олардың бірталайы қызмет бабында жүріп, өмірден өтіп кетті. Еліміздің әр өңірінде індетпен күресіп жүрген дәрігерлерге хабарласып, олардың бүгінгі таңдағы жағдайлары қандай, дәрі-дәрмек тапшылығы әлі де бар ма, үстемақылары қалай берілуде және оларға көрсетіліп жатқан қолдаулар туралы сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ШЫДАМДЫЛЫҚ ТАНЫТУҒА ТЫРЫСЫП ЖАТЫРМЫЗ
Шолпан Қабыловна, Шымкент қаласы Жедел жәрдем бригадасының дәрігері
Наурыз айынан бері осы індетпен күресіп келе жатырмыз. Қатты қиын жағдайдан өткен күндеріміз болды. Осыдан екі апта бұрын шақыртуларға үлгермей, есіміз шығып кетіп еді. Қазір Аллаға шүкір науқастар саны саябырсыды. Әсіресе бірге жүрген әріптестеріміз ауырып, өз бекеттеріміз өз қызметкерлерімізге барған сәттер қиынға түсті. Себебі кеше ғана арамызда бірге жұмыс жасап, күліп-ойнап жүрген жақынымыз бір сәтте аурухана төсегінде жатады. Індет басталғалы шыдамдылық танытуға тырысып жатырмыз. Біздің де шаршап кететін кездеріміз болады. Оның үстіне Шымкентте күн ыстық, костюммен жүрудің өзі оңай емес. Ауыр дәрежедегі науқасты тасымалдаған сайын, формамызды ауыстырамыз. Жалпы ереже бойынша, 4 сағат сайын костюмдерімізді ауыстырып отырамыз. Көп шақыртулар кешкі сағат 19:00-20:00 шамаларында болады. Күніне орта есеппен 1500 шақырту түседі, әр бригада 18-20 науқасқа барып шығады.
Қазір дәрі-дәрмек тапшылығы азайды, костюмдеріміз де жетерлік, өкпені жасанды желдету аппараттары да келді. Мұның өзі біздің жұмысымызды кәдімгідей жеңілдетеді. Соңғы екі апта болды провизорлық орталықтарда стационарлардың тамағын дайындауда. Үш күн сайын сменге 350-400 адам түседі, бұрын провизорлық орталықта 40-70 адам істейтін. Біздің санымыз көп, тапсырыс алушы тамақ жеткізу жағынан бәрімізді бірдей қамтамасыз ете алады ма екен деп уайымдағанбыз. Қазір Kaspi.kz бізге тегін тамақтар жеткізіп жүр. Осы сәтті пайдаланып қызметкерлеріміздің атынан ол ұжымға үлкен алғыс білдіргім келеді. Біздің жұмыста әр минутымыз санаулы, түскі асымызды жол-жөнекей ішіп, шақыртуларға кете береміз. Kaspi.kz еріктілерінің тамақтары дәмді, әрі, оларды бір рет қолданылатын ыдыстарға салып, әкеп жатыр. Одан бөлек, қаламыздағы тәтті пісіретін кондитерлік орталықтар шәйға деп тегін тәттілер жеткізеді. Біреулер бізді сөгіп жатса, енді біреулер осылай қолдау көрсетіп, көңілімізді көтеріп жатыр. Бәріміз бірлікте болсақ, бұл індетті де жеңетінімізге күмәнім жоқ.
ӨЗ ЖАҚЫНДАРЫҢДЫ ЕМДЕУ ҚИЫН
Әбілғазым Әбідғабит, Қызылорда облыстық фтизопульмонология орталығының директоры
Коронавируспен күресіп келе жатқанымызға жарты жылдай уақыт болды. Осы аралықта неше түрлі хикаяларды басымыздан өткердік. Дәрігерлер үшін ең қиыны өз туыстары мен бауырларын, ата-анасын емдеу болды. Біздің орталық күні бүгінге дейін 530 науқас емдеп шығарды, оның 5-і көз жұмды. Үшеуінің жүрек ауруы бар, біреуі ота жасатқан, енді біреуі қант диабетімен ауыратын еді. Жалпы инфекциямен күресіп жатқан дәрігерлер саны – 8, орталықта жалпы саны - 121 дәрігер бар.
Бүгінгі таңда қажетті дәрі-дәрмек, қорғаныш костюмдері 1. 5 айға жетеді. Қазір орталықта 91 науқас емделіп жатыр. Провизорлық стационарда ковид жұқтырған науқастар жоқ. Жатын орындар, тамақпен әкімдік бар, еріктілер мен кәсіпкерлер толық қамтамасыз етіп жатыр. Бұл вируспен өзім де ауырып шықтым. Басында оттегі аппараттары жетіспеушілігінен қиналған едік, қазір олар толық жеткілікті. Жуырда ғана Түркия еліндегі қазақтар Қауымдастығы бізге өкпені жасанды желдету аппаратын әкеліп тастады. Халық қазіргі таңда вирустың қаншалықты қауіпті екенін түсініп қалды деп ойлаймын. Еліміздің әрбір тұрғыны ең алдымен өзі үшін, содан соң жақындары мен айналасындағылардың қауіпсіздігі үшін барлық санитарлық талаптарды орындап, бетперде тағып, той-томалақты уақытша тоқтатса дейміз. Қазір бәріміз шыдамдылық таныту керекпіз. Бейқам жүрудің соңы талай отбасыны қара жамылдырып жатыр. «Сақтансаң сақтаймын» демей ме, сондықтан бәріміз біріміз үшін сақтанып жүрейік!
КӨП НАУҚАС ІНДЕТТІ САДАҚА МЕН ТОЙДА ЖҰҚТЫРҒАН
Ерлан Асқарұлы, Ақтөбе қаласы туберкулезге қарсы диспансердің пульмонологы
Маусымның 25 күні ашылған провизорлық орталығымыз 500 орындық, штаб бойынша 707 дәрігер үш ауысымммен жұмыс істейді. Әр ауысымға 129 адам шығады. Арамызда облыстағы басқа өңірлерден келген 29 дәрігер бар. Олардың ішінде орта буынды, кіші буынды мамандар мен еріктілер бар. Дәрігерлерден 14 адам коронавирус жұқтырды, оның біреуі өзіммін. Бір қуантатыны, соңғы аптада келушілер саны 41, 9 пайызға түсті. Екі апта бұрын күніне 150-200 науқас қабылдаған кездеріміз болды. Қазір облыстық әкімшілік жанынан ашылған штаб керек-жарақтың бәрін әкеліп берді. Жабдықтау, дәрі-дәрмек жағынан мұқтаждығымыз жоқ. Үрейіміз науқастардың 90% садақа, тойға барып жұқтырған. Тойға жас та, жасамыс та барады, ол вирус біреулердің ағзасында екі аптадан кейін пайда болады. Бүгін бір науқас садақадан соң ауруханаға түссе, үш-төрт күннен кейін соның таныс-туыстары түсіп жатыр. Әсіресе қарттар қатты қиналуда. Көпшілік үйден өз бетінше неше түрлі ем алып келеді. Мұнда келген соң, не ішіп, не қойғанын айтпай қояды. Тіпті кейбір науқастар суыр атқызып майын жеген, марқа сойдырған (күліп).
Бұл жаңадан келген ауру, оны емдейтін нақты дәрілер әлі табылмады. Сондықан халықты өз бетінше ем алуды доғарып, сауаттырақ болуға шақырамын. Бізге жаппай қоғамдық медицинаны дамыту керек. Ол спортпен шұғылдану, гигена сақтау. Осы арқылы өз денсаулығымызды күтуіміз керек. Қоғамдағы психологтар, дәрігерлер, БАҚ өкілдері бар қоғамдық медицинаны көп насихаттауымыз керек. Төреғали сынды төрт сөзді ән қылып шығарып жүрген әншілер махаббат жайлы жырлай бермей, осындай кезде нақыл сөздері мен ақыл әндерін халыққа айтпай ма?! Бар жауапкершілікті дәрігерлеге арта бермей, әр адам өз өміріне жауапкершілікпен қарауы тиіс.
«Кейбір науқастар суыр атқызып майын жеген». Коронавируспен күресіп жүрген дәрігерлердің көргені
2020-07-24 11:00:44
Последние новости
24.07.2020
Ухандық отбасы сорпадан өлі жарқанат тапты