Масанчи ауылында үйінді астынан табылған адамның кім екені белгілі болды

2020-03-05 11:00:38
Масанчи ауылында үйінді астынан табылған адамның кім екені белгілі болды
Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасында ұлтаралық жанжал болған күні үйінен шығып кетіп оралмаған Мұрат Масановтың көз жұмғаны белгілі болды. Туыстарының сөзінше, қақтығыстан бір-екі күн өткен соң Масанчи ауылындағы ғимараттың үйіндісі астынан табылған мәйіт Масановтың мүрдесі болып шыққан, деп хабарлайды Азаттық.

Мұрат Масановтың жиен ағасы Бақтияр Әбдішевтің Азаттыққа айтуынша, қазір әулет жаназаға дайындалып жатыр.


- Осыған дейін әкесінен қан алынған. Экспертиза қорытындысы шықты, "бізге әкесі мен баланың қаны сәйкес келді" деді. Құжаттары бар, бірақ өзім әлі көрмедім. Әрине, сенгім келмейді, бірақ солай болып тұр. 5 наурызда жерлейміз, - дейді ол Азаттыққа.

Масанчи ауылында үйінді астынан табылған адамның кім екені белгілі болды


Мұрат Масановтың жездесі Бауыржан Нұрғали де бұл ақпаратты растады.

- Жолға шығып бара жатқан жерімнен туыстарымнан сондай ақпаратты естідім. Енді кері қайтып бара жатырмын, - деді ол.

Бұл мәселеге қатысты Жамбыл облыстық полиция департаменті мен Қордай аудандық полиция басқармасынан ақпарат алу мүмкін болмады. Екі орган да ресми мәлімдеме таратқан жоқ.

Осыған дейін Мұраттың әпкесі Ақмарал Әбдірахман інісінің жанжал болған күні кешке Масанчидің жанындағы Қарасай ауылындағы туыстарына барам деп үйден шығып кетіп, қайтып оралмағанын айтып еді. Оның сөзінше, бауырының өртенген көлігі 8 ақпанда Масанчи ауылының маңынан табылған. Кейін Мұрат Масановтың туысқандары прокуратура мен полицияға арыз жазған.
Просмотров материала: 8