«Кіруге қорқасың». Депутат МӘМС ақшасын ауруханаларды жөндеуге де жұмсауды ұсынды

2020-03-05 11:00:38
«Кіруге қорқасың». Депутат МӘМС ақшасын ауруханаларды жөндеуге де жұмсауды ұсынды
Сенат депутаты Нариман Төреғалиұлы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түсетін қаржының бір бөлігін еліміздегі ауруханаларды жөндеуге де жұмсалуы қажеттігін айтты, деп хабарлайды AzattuqRuhy.kz.

«8 мыңнан астам денсаулық сақтау нысандарының 56%-ы тозығы жетіп, ескірген. Ауылдағы медициналық пункттердің жағдайын қараңыздар. Кіру қорқынышты. Сондықтан күрделі жөндеу болмаса да ағымдағы жөндеуді кіргізу керек қой. Сіздер тек амортизациялық шығындарды өтеймін деп 2023 жылдарға қалдырып отырсыздар. 2023 жылы жаңағы ескірген ауруханалар 56 емес, 100% болады. Кем дегенде 80%. Халық айтып жатыр, ауылдарға барып көріңіздер. Медпункттердің жағдайы расымен қиын», - деді депутат.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру» АҚ төрағасы Айбатыр Жұмағұлов бұл мәселені бизнес өкілдерін тарту арқылы шешуге болатынын айтады.

«Инфрақұрылым бойынша тарифтерді көтеріп жатырмыз. Қызметтерге байланысты тарифтерді 60%-ға көтердік. Жасыратыны жоқ, кей аймақтарда инфрақұрылым жетіспеушілігі бар. Қымбат құрылғылар жетіспейді. Мәселені жан-жақты қарау керек. Сондықтан, тек бюджет тарапынан емес, бизнес арқылы да проблеманы шешсек болады. Қарағандыда пилоттық жоба арқылы тарифті көтергенде көптеген кәсіпкерлер қызығушылық танытты», - деді ол.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін медициналық сақтандыру қорына жарна аудармаған адам бірқатар дәрігерлік көмектен қағылады. Сондықтан жұмыссыздар мен салық төлемейтін жеке кәсіпкерлер ауруханаға барғанда жеке терминалдар арқылы төлем жасайды.
Просмотров материала: 0