Елордалық депутат Kaspi Gold иелерін 3% салық төлеуге міндеттеуді ұсынды

2020-02-27 09:00:16
Елордалық депутат Kaspi Gold иелерін 3% салық төлеуге міндеттеуді ұсынды
Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты Илья Мещеряков Kaspi Gold картасын қолданатын астаналық кәсіпкерлерге жалпы табыстың 3 процентін салық ретінде төлеуді ұсынды, деп хабарлайды SputnikNews.kz.

Депутат өз бастамасын астаналық мәслихат комиссиясының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты отырысында жария етті.

"Жеке кәсіпкер ретінде Kaspi банкпен байланысы бар бизнесмендерге, жеке тұлғаларға жалпы табыстың 3 пайызын салық ретінде төлеуді түсіндіруіміз керек. Жалпы табыстың 3 пайызы аса үлкен сома емес. Табыс бір миллион болса – 30 мың теңге, 10 миллион болса – 300 мың теңге", - деп атап өтті Илья Мещеряков.

Депутат астаналық кәсіпкерлерді ынталандыру мақсатында "Төле де, тыныш ұйықта", "Адал болу ұтымды" секілді жарнама ұранын да мысалға келтірді.

Қазір жеке тұлғалардың аударымдары туралы ақпарат банк құпиясы болып саналады. Және мемлекеттік кірістер комитетіне берілмейді. Елордалық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Қалмұханбет Ысқақов осы мәселе бойынша банкпен келіссөз жүргізіліп жатқанын атап өтті.

"Өткен жылы белгілі бір келісімге қол жеткіздік. Kaspi bank Kaspi Business төлем карталарын шығарып, төлемдерді бөлуге тырысып жатыр", - деді басқарма басшысы.


Просмотров материала: 0