Биылдан бастап пәндік олимпиадалар каникул кезінде өтпейді

2020-02-26 15:00:16
Биылдан бастап пәндік олимпиадалар каникул кезінде өтпейді
ҚР Білім және ғылым министрлігінің аппараттық кеңесінде ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов енді пәндік олимпиадалар каникул уақытында өткізілмейтінін айтты. Аталған өзгеріс биылдан бастап күшіне енеді. Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметі хабарлады.

«Олимпиадалар енді каникул кезінде өткізілмейді. Өйткені, оған сабақта өте белсенді, жақсы оқитын оқушылар қатысады. Біз оларды каникул уақытындағы демалыстан айырмауымыз керек, олар демалуы қажет. Сондықтан, биылдан бастап олимпиадаларды басқа мерзімде өткізетін боламыз», – деді Асхат Аймағамбетов.

Министр республикалық олимпиадаға қатысу үшін, облыстарға баратын балаларға жақсы жағдай жасалуы тиіс екенін айтты. Сондай-ақ, ЖОО басшыларына оқушылармен кездесу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

«Республикалық олимпиадаға кем дегенде 1,5 мың дарынды, білімді бала қатысады. Дайындық барысын бөлек қарастырамыз, дегенмен Қарағанды және Алматы облыстарында балалардың қауіпсіздігі, жататын жері, тамақтануы бойынша барлық жағдай жасалсын. Екіншіден, университет басшыларына тапсырма: 1,5 мың оқушы барады, университеттер де олармен жұмыс істеуі қажет. Жаз айларында ғана емес, мұндай жұмыс ұдайы жүргізілуі керек», – деді министр.

Естеріңізге сала кетейік, 5-6 қаңтарда Түркістанда өткен олимпиадада ұйымдастырушылардың жарыс талаптарын өрескел бұзғаны анықталды. Осыған байланысты Асхат Аймағамбетов Түркістан облысы бойынша білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Бақытжан Мұхамеджановқа ескерту жариялады.

«Неге тиісті шаралар қолданылмаған? Егер бұл шағымдар сіздерге түспесе, демек, шағымданушылар тарапынан сіздерге сенім жоқ дегенді білдіре ме? Белсендірек жұмыс жасау керек. Нәтижесін көрмедік. Екі айдан соң баяндамаңызды тыңдаймыз. Қатаң ескертемін», – деді Асхат Аймағамбетов.
Просмотров материала: 0