Дулат Ағаділге қатысты қылмыстық іс 22 қазанда қозғалған

2020-02-26 13:00:16
Дулат Ағаділге қатысты қылмыстық іс 22 қазанда қозғалған
Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің басшысы, полковник Санжар Әділов бүгін журналистерге хабарлағандай, Дулат Ағаділдің туыстары тәуелсіз сараптама жүргізуді талап еткен. Тергеу туыстарының арызын қанағаттандырып, Дулат Ағаділдің денесіне тәуелсіз сараптама жүргізуге рұқсат берген, деп хабарлайды Аzattyq-ruhy.


«Дулат Ағаділге Қылмыстық кодекстің 411 және 410 баптары бойынша сырттай айып тағылған болатын. Яғни, «сотқа құрмет көрсетпеу» және «сот пен прокурорға жала жабу» баптары. Өздеріңіз білесіздер, 2019 жылдың 22 қазаны Целиноград ауданының сотында осындай жағдай орын алды. Прокурор мен соттан сондай шағым түскен соң, қылмыстық істер қозғадық», - деді Әділов.

Сол уақытта, Санжар Әділовтің сөзіне сенсек, Дулат Ағаділ ешқайда шықпау туралы қолхат жазып берген. Бірақ, тергеу шақырған уақытта полицияға келмеген.

«Ол кісінің ешқайда кетпеу туралы қолхаты болды, тергеу амалдарын міндетті түрде жүргізіп, жауап алып, беттестіру жүргізу керек болған соң, оны бірнеше рет шақырғамыз. Бірақ, өкінішке қарай, бірнеше хаттама, шақыру алса да Ағаділ Дулат келмеді», - деген ішкі істер министрлігінің өкілі Дулат Ағаділге дәл неше рет шақыртуға жіберілгенін айта алмады.

Сонымен қатар, Санжар Әділовтың айтуынша, Дулат Ағаділ түнде емес, сағат 20.37-кезінде ұсталған және бұл түнгі уақытқа жатпайды. Және уақытша қамау изоляторында Ағаділмен бірге қылмыстық кодексте көзделген қылмыстары үшін тағы төрт адамның отырғаны хабарланып отыр.

«Бірінші тергеу амалдары жүргізілген кезде денесінде ешқандай жарақаттар анықталған жоқ. Дулат Ағаділді үйінде ұстау кезінде түсірілген бейнеқұжаттар бойынша тек арнайы прокурорлар хабарлама бере алады. Бейнеқұжаттар қылмыстық іске міндетті түрде қосылу керек және айғақ ретінде ары қарай талдау жасалады. Ағаділдің қолхаты тергеуге шақырған кезде келмеуіне байланысты қамауға алу шарасына ауыстырылды. Жедел ақпарат алғаннан кейін полиция өкілдері оның үйіне кешкі сағат 20.37 жеткен. Ол түн уақытына жатпайды. Оның үстіне, жедел тергеу тобы тәулік бойы жұмыс істейді», - деді ол.

Санжар Әділовтың айтуынша, Дулат Ағаділ ұсталғаннан кейін бірден емханаға жеткізілген. Бірақ түнгі уақытта қандай емхана жұмыс істеп тұрғанын және ол емхана қайда орналасқанын полиция өкілі журналистерге хабарлаған жоқ. Белгілі болғандай, Дулат Ағаділмен камерада түнеп шыққан тағы төрт адам куәгер ретінде сұралған. Олар Дулат Ағаділге қатысты тергеу тарапынан зорлық-зомбылық фактілері жасалмағанын растаған.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 24 ақпанында, кешкі сағат 21.00 шамасында Ақмола облысы Целиноград аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері сот қаулысын орындау мақсатында Талапкер елді мекенінде тұратын 1977 жылы туған Дулат Ағаділді ұстаған. Ертеңінде, 25 ақпан күні таңертең Дулат Ағаділдің тергеу изоляторында қайтыс болғаны хабарланды. Алдын ала тергеу оның жүрегі тоқтап қалды деген нұсқаны алға тартып отыр. Дулат Ағаділді ел белсенді азамат ретінде таныған.

Ал, Санжар Әділов марқұмның мәйітіне жасалатын сот-сараптаманың нақты қорытындысы 25-30 күн ішінде шығатынын хабарлап, сұхбатына нүкте қойды.
Просмотров материала: 0