«Тек қағаз жүзінде орындалған»: Депутат Қазақстандағы жұмыспен қамту бағдарламаларын сынады

2022-05-26 16:20:15
Сенат депутаты Динар Нөкетаева жаңа жұмыс орындарын ашуға және қазақстандықтарды жұмыспен қамтуға жауапты мемлекеттік бағдарламаларды сынға алды.


Сенатордың айтуынша, халықтың табысын арттыру мақсатында жаңа жұмыс орындарын ашуға «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар тәжірибесі», «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 105,4 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Қазақстан жастарына және халықтың әлеуметтік осал топтарына бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін 400 АЕК-ке дейін (1 225 200 теңге) 20 000 өтеусіз грант беру жоспарланып отыр.

Дегенмен Динар Нөкетаева кейінгі 10 жылда қазақстандықтарды жұмыспен қамту үшін көптеген бағдарлама қолға алынғанын, оған қыруар қаржы бөлінгенін, бірақ еш нәтиже көрінбейтінін айтты.

«Еңбек» бағдарламасы, оның «Серпін», «Бастау Бизнес» жобалары, сонымен қатар «Жас кәсіпкер», «Jas project» бағдарламаларын мысалға келтіруге болады. Кейінгі бес жылда бір ғана «Еңбек» бағдарламасына 695 миллиард теңге жұмсалған. Бүгінде оның барлығы қағаз жүзінде ғана жүзеге асқанын көріп отырмыз. Нысаналы индикаторларға толық қол жеткізілді деп мәлімдедік, бірақ іске келгенде жағдай бұдан әлдеқайда алыс.


Мысалы, зейнетақы жарналары арқылы тұрақты жұмысқа орналасқан азаматтар туралы мәліметтерді сараптау барысында олардың екі-төрт айдан аспайтын жұмыс істегені белгілі болды. Демек құрылған жұмыс орындарының басым бөлігі уақытша болған, ал жұмыссыздарға бірреттік шаралар ғана қабылданған.

Сонымен бірге «Алғашқы жұмыс» бағдарламасы бойынша жастарды жұмысқа орналастыру мерзімін 6 айдан 12 айға дейін ұзарту көзделген. Былтыр халықтың тек 62%-ы, яғни 13,7 мың қазақстандық тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Осы орайда мынадай сұрақ туады: Орасан зор мемлекеттік қорлар қандай базалық нормативтер негізінде жоспарланып, игеріледі? Егер оларды жоспарлау және дамыту сапасы сын көтере алмаса, онда неге бәрін тексермеске?

Айта кетейік, 2025 жылға дейін халық табысын арттырудың жаңа бағдарламасы аясында 2 миллион жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланса, оның 600 мыңнан астамы ғана тұрақты жұмыс орны болады.

Бұған дейін Динар Нөкетаева қазақстандықтардың табысының деңгейіне наразы болған. Оның айтуынша, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де аз адамдар үлесі 5,3% болды.