Атырауда бұралқы ит 5 жасар қыздың ернін жұлып алды

2022-05-12 08:20:18
Атырауда бұралқы ит 5 жасар бүлдіршіннің ерінінің бір бөлігін жұлып алды. Дәрігерлер оған алғашқы көмек көрсетіп, үш жерден тігіп берген. Алайда туыстары баланың қатты қорқып қалғанын айтады. Ал құзырлылар өңірде қазір ит жою жұмыстары тоқтап тұр деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Ауруханаға әкелген кезде бүлдіршіннің қатты қорқып қалғаны байқалды,- дейді дәрігерлер.

Ақ халаттылар бөбектің беті мен ерінінің үш жерінен тігуге мәжбүр болған. Себебі ит еріннің бір бөлігін жұлып алыпты.

“Протокол бойынша балаға бүкіл привывкалар мен вакциналар салынды. Жаралары тігілді. Еріні жарақат болған кезде жарасы откущанный, какой то кусок етті ит талап алды. Бір куоск примерно 0,5-0,5 мм болған жоқ ерні соны пластика жасап, аккуратно, қыз бала болған соң тігіп бердік», дейді дәрігер-нейрохирург Шодиер Арипов.

Қала тұрғыны Әсем Байжан әлі ес жия алар емес. Айтуынша, үйіне қонаққа келген 5 жасар жиені мен өзінің қызы аулада ойнап жүрген. Көрші балалармен бірге барлығы итті сыйпап тұрған кезде жиенінің бетінен тістеп алыпты.

«Қандай жұмсақ»,- деп құшақтағысы келеді. Құшақтаған кезде ит бұрылып, бетінен тістеп алады. Бала шошынып қалды. Үндемей отырады да жылап жібереді. Ешкімнен сөйлеспейді. Тек бір нүктеге телміріп қарап отырады. Тамақ ішпейді. Тек су ішеді. Қазіргі таңда баланың иттің қасында өмірі ойыншық болғаны ма деп ойлап тұрмын. Құзырлы органдардан сұрайтыным шара қолдансаңыздар екен», деді Атырау қаласының тұрғыны Әсем Байжан.

Көрші үйдің маңында жүретін қаңғыбас ит бұған дейін де балам екеумізді қуып, тістеп ала жаздаған дейді Әсем. Соңғы кезде айналада бұралқы иттердің қаптап кеткенін әлеуметтік желі арқылы тиісті органдарға ескерткенін айтады. Алайда оған ешкім назар аудармағандықтан, соңы осыған әкелді,- деп отыр. Иесіз иттің құлағында белгісі болған. Екі жыл бұрын еріктілер кастрация жасап, "қауіпті емес" деп, босатып жіберген көрінеді.

Қазір бұл ит- біздің қамқорлығымызда. Бақылауда ұстап, кейін мейірімді адамдарға табыстауға тырысамыз. Өте тыныш, ашушаң емес. Ұстап, құшақтаған соң ұнатпаған соң тістеп алған шығар. Бұл жерде баланы қараусыз жіберген ата-анасы кінәлі. Ит оған жүгірген жоқ. Қыз бала итке өзі барды. Біз бюджеттен бір тиын да алмай, еріктілердің көмегімен иттерді стирильдеп, кастрация жасап, қауіпсіздігіне көз жеткізіп барып, далаға босатамыз. Өйткені бәрін бірдей ұстап отыруға мүмкіндігіміз жоқ», деп көрсетті «Мейірімді жүрек» қорының жетекшісі Венера Манасова.

Қазір ауылды былай қойғанда, қаланың өзінде бұралқы ит көп. Топтасқан төрт аяқтыларға таланып жатқандар да аз емес. Алайда аймақта «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң күшіне енгелі бұралқы иттермен күрес тоқтап тұр.

«2-наурыздан бастап заң қабылданғанымен панажайлардың құрылысына байланысты нормативтік-құқықтық актілер бекітілген жоқ. Соған байланысты оның қаржысы да қаралған жоқ. Сондықтан облысымызда бұл жұмыстар тоқтатылып тұр. Қазір қала әкімдігімен ауылдық округтер бойынша панажайлар салынып жатыр», дейді Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Нұркен Бояров.

Ит аулау үшін және оған қажетті құрал-саймандар сатып алуға қала бюджетінен 31 млн теңге, ал облыс қазынасынан 27 млн теңге бөлінген. Мердігер мекеме анықталса, мамыр айының аяғында жұмыс басталады. Ал дәрігерлер балалар ауруханасына тәулігіне кем дегенде ит қапқан 8 адам келеді,- дейді.