Мүгедек балалардың санаторий-курорттық еміне ата-аналары тегін бара алады

2022-04-27 08:20:20
62 мыңнан астам баланың ата-анасы санаторий-курорттық ем-домға мемлекет есебінен бірге баруы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Заңының жобасын таныстырған депутат Елнұр Бейсенбаев осындай мәлімет айтты.

«Мүгедектігі бар баланы санаторий-курорттық емдеуге алып жүретін ата-анасының, заңды өкілінің біріне мекемеге орналасу, тамақтану, жатын орыны сияқты бірінші қажеттілік болып саналатын шығыстарының құны өтеледі. Бұл бастама шалғай аудандарда әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың мүгедектігі бар баласына жан-жақты санаторий-курорттық ем-дом алуға жол ашады. Ал бүгінгі күнге дейін аталған мәселені жергілік бюджет арқылы тек үш аймақта, оның ішінде Нүр-Сұлтан қаласы, Қарағанды және Павлодар облыстарынан алып жүруші заңды өкілдерінен қаржы қарастырылған еді», - деген депутаты бұл аса маңызды нормалардың бірі екенін атап өтті.

Сондай-ақ, ол заң жобасында қарастырылған қаржының басым бөлігі осы норманы орындауға қарастырылатынын баса айтты.

«Біздің алдын ала жобалап есептеуіміз бойынша, 3 жылдың ішінде кемінде 62 мыңнан астам бала мен ата-анасы немесе олардың заңды өкілдері санаторий-курорттық ем-домға бірге баратын болады. Аталған заң жобасының аясында емханалардағы қызметті бірінші кезекте алу, үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды нотариустық қызметтер жасауда ақы төлеуден босату нормасы, 50 мың балаға арналған психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар құру қағидаты, адам саудасының құрбаны болған шетелдік азаматтарға жан-жақты әлеуметтік қызмет көрсету бойынша нормалар енгізілді. Құрметті әріптестер, аталған заң жобасының аясында 3 жылдық республикалық бюджеттен 5,9 млрд теңге қаржы қарастырылған. Заң жобасының оң тұстарын ескере келе, бірінші оқылымда қолдауларыңызды сұраймын», - деді Елнұр Бейсенбаев.

талған заң жобасы бойынша, таксопарктер әрбір оныншы таксиді мүгедектігі бар адамдарға бейімдеуге міндеттелмек .