Каспийде итбалықтар жаппай қырылды

2022-04-27 08:20:20
Каспий жағалауында табылған итбалықтардың өлекселері туралы хабарламадан кейін инспекторлар мен экологтар оқиға орнына барды. Олар тексеру үшін су мен топырақ сынамаларын алды, - деп хабарлайды Маңғыстау облысы Экология департаментінің баспасөз қызметі.

Ақтау тұрғыны мәлімдеген 50 өлексенің тек 22-сі табылған.

"Оқиға орнына Маңғыстау облысы Жайық-Каспий облысаралық бассейн балық шаруашылығы инспекциясы Балық инспекциясы басқармасының мемлекеттік инспекторлары жедел шықты. Бұл дерек облыстың құқық қорғау және табиғатты қорғау құрылымдарына, прокуратура, ветеринария органдары мен жергілікті атқарушы органдарға хабарланды.

26 сәуірде сағат 23.00-де бір-бірінен алыс орналасқан әртүрлі жерден 22 итбалық өлексесі табылды. Инспекция қызметкерлері оқиғаның себептерін анықтау үшін жануарлардың өлекселерін зертханада тексеруге болып-болмайтынын тексереді, өйткені өлекселер ыдырап кеткен", - делінген хабарламада.


Каспийде итбалықтар жаппай қырылды

Маңғыстау облысы Балық инспекциясы басқармасының инспекторлары балық шаруашылығы субъектілерінің қорықшылық қызметімен бірлесіп, жануарлардың өлі табылу себептерін және басқа да деректерді анықтау мақсатында Каспий теңізі жағалауы мен басқа да учаскелерін тексереді.

"Зертханада зерттеу жүргізу үшін инспекция қызметкерлері су мен топырақ сынамаларын, сондай-ақ, итбалықтардың өлекселерін Маңғыстау облысының Экология департаменті мен ветеринарлық қызмет қызметкерлеріне беру үшін жедел түрде іріктеп алды. Олар 27 сәуірде жануарлардың өлген жеріне баруды жоспарлап отыр. Айта кетейік, шараға Маңғыстау облысы әкімдігінің балық шаруашылығы басқармасының өкілдері де қатысады", - деді департамент өкілі.

Сонымен қатар, бұл дерек туралы ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Микробиология және вирусология институты зертханасының қызметкерлері мен Батыс Қазақстан облысы "Гидробиология және экология институты" қызметкерлеріне айтылған.

Жағалауды бақылау жалғасып жатыр.