Бүгінгі таңда Орталық Азияның барлық елдерінде адам саудасы мәселесі өзекті болып тұр. Қазақстандағы адам сату, құлдықта ұстау динамикасы да өте шиеленіскен. Әсіресе, еңбек мигранттарын шалғай жерлерде мал бақтыру, егін ектіру сынды қара жұмысқа жегуден бастап, қыздарды сексуалды құлдыққа салуға дейін кездеседі.
Халықаралық еңбек ұйымының статистикасы бойынша, жыл сайын әлемде 2,5 миллион тұрғын адам саудасының құрбанына айналады. Пайыздық жағынан көп зардап шегуші - әйелдер мен балалар.
Адам саудасына қарсы күреспен айналысатын «Қайсар» қоғамдық қорының төрағасы Оксана Тарабукинаның сөзінше, Қазақстанда көп жағдайда құлдықта болған шетелдіктердің ісі сотқа дейін жетпей қалады.
«Құлдыққа түскен көршілес ел азаматтары ең алдымен қожайынымен келісіп жұмыс жасайды. Қожайындар кепілдік ретінде олардың құжаттарын алып қояды. Кейіннен өзі жалдаған адамның еңбек ақысын беруден бас тартады. Тіпті кейбір жұмыс берушілер жұмыскердің үстінен «заттарымды ұрлады» деп өтірік арыз жазатын кездер болады. Депортациядан, қылмыстық жауапкершіліктен қорыққан мигранттар құжатын қайта алу үшін бәріне келіседі. Көп жағдайда олардың туған елдеріне қайтуға ақшалары болмай жатады. Ақысын ала алмаған шетелдік еңбек мигранттарын топтап қайтаратын сәттер болған. Биыл біз Молдавия, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан мен Украина азаматтарының өз елдеріне қайтуларына қол ұшын создық. Өкініштісі, Қазақстанда құлдыққа түсетін шетел азаматтары мұнда ешнәрсе дәлелдей алмайды. Бірақ өз елдеріне барған соң, жауап берушінің ісін сотқа дейін жеткізеді. Бізде эксплутатор өзбек сотының үкімімен алты жылға бас бостандығынан айырылған жағдай бар. Орталық Азияның өзге мемлекеттері сынды Қазақстанға да адам саудасына қатысты заңға түзету енгізетін уақыт жетті», - дейді маман.
Azattyq Ruhy тілшісі Қазақстандағы адам саудасының ресми статистикасын және осы салаға қатысты өзге мәселелердің мәнін білу үшін ІІМ ақпараттық сауал жолдады.
ІІМ берген деректерге сүйенсек, өткен жылы қабылданған шаралардың нәтижесінде полиция адам саудасына байланысты 111 қылмыстық іс қозғады, оның ішінде:
адам саудасы үшін – 42;
жезөкшелікпен айналысу үшін притондар ұйымдастырғаны және жеңгетайлық жасағаны үшін – 34;
кәмелетке толмағандарды сатқаны үшін – 15;
жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін – 15;
кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін – 3
Кәмелетке толмағандарды пайдалану мақсатында заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін – 2
ҚҰЛДЫҚҚА ТҮСУШІЛЕРДІҢ ПОРТРЕТІ ҚАНДАЙ?
Құқық қорғау саласы мамандарының сөзінше, көп жағдайда адам саудасының негізгі құрбандары - құжатынан айрылғандар.
Адам саудасының жағдайына түсу қаупі жоғары топтар – бұл жеке куәлігі жоқ адамдар; жұмыссыздар; үйсіз адамдар; мүмкіндігі шектеулі адамдар; заңсыз мигранттар. Ықтимал құрбандарға қатысты қылмыскерлер әртүрлі ықпал ету және тарту тәсілдерін қолданады – сенімді теріс пайдалану, алдау, психологиялық қысым көрсету, бопсалау, қорқыту, тәуелді жағдайға душар ету, күш көрсету зорлық-зомбылығын қолдану және т. б. Адам саудасының белгілеріне: құжаттардың болмауы не олардың басқа адамдарда болуы; борыштық құлдық; басқа адамдар тарапынан оны бақылау белгілері; адам саудагерлеріне тәуелділік; жазадан қорқу; зорлық-зомбылық белгілері; құқық қорғау органдарынан көмек сұраудан қорқу; туыстары үшін қорқыныш; байланыс құралдарының болмауы не олардың басқа адамдарда (оны бақылайтын) болуы жатады.
АДАМ САУДАСЫНЫҢ ЖИІ КЕЗДЕСЕТІН ТҮРЛЕРІ
Адам саудасының жиі кездесетін түрлері: жыныстық қанау; еңбектік қанау; үй еңбегіне мәжбүрлеу; адам органдарын сатуға алып қою; қайыр сұрауға немесе қылмыстық әрекетке мәжбүрлеу; заңсыз асырап алу үшін балаларды сату.
Тәжірибе көрсеткендей, әйелдер мен қыздар жыныстық қызмет көрсетуге мәжбүр болады, ал ер адамдар қара жұмыс, үй шаруашылығында пайдаланылады.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАЙ ӨҢІРІНДЕ АДАМ САУДАСЫ ӨРШІП ТҰР?
Адам саудасы - бұл жасырын қылмыс, оны анықтау керек. Адам саудасының түріне байланысты сипаты да әртүрлі. Егер бұл жыныстық қанау болса, онда қыздар жұмысқа қабылданады және ірі қалаларда жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр болады, егер бұл еңбек қанауы болса, керісінше, азаматтар ауылдық жерлерде жұмыс істеуге мәжбүр болады. Сондықтан бұл барлық облыстарда анықталған.
Мәселен, ішкі істер органдары соңғы үш жылда адам саудасына байланысты жыл сайын 200-ге дейін қылмыстық іс қозғайды. 90-ға дейін жәбірленуші анықталып, 140-қа дейін кінәлі адам сотталады.
ПАНДЕМИЯ ЖӘНЕ АДАМ САУДАСЫ
Тәжірибе көрсеткендей, адам саудасына байланысты қылмыстар карантин кезеңінде де жасалады. Дегенмен, бұл уақытта анықталған қылмыстардың күрт өсуі немесе төмендеуі байқалмайды.
АДАМ САУДАСЫМЕН АЙНАЛЫСҚАНДАРҒА ЖАЗА
Елімізде адам саудасына қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдануда.
Аталған қылмыстар үшін Қылмыстық кодекстің 8 бабымен жауапкершілік көзделген, ең жоғарғы жазалау шарасы – 18 жылға дейін мүлкін тәркілеумен бас бостандығынан айыру. Көрсетілген нормаларға соңғы өзгерістер 2019 жылғы желтоқсанда енгізілді. Сонымен, кәмелетке толмағандардың саудасы және оларды жезөкшелікпен айналысуға тарту үшін жаза күшейтілді.
Адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді. Оның шеңберінде мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға хаттамалық ұсынымдар беріледі. Ішкі істер министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ротациялық негізде екі жыл мерзімділікпен жұмыс органдары болып табылады.
Азаматтық сектор бойынша 22 үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді, мемлекеттік органдар олармен бірлесіп ақпараттық жұмыстар, акциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер мен тренингтер өткізеді.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде мемлекеттік бюджет есебінен адам саудасы құрбандарын оңалту бағдарламалары енгізілді. Сондай-ақ қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасы шеңберінде адам саудасынан зардап шеккендерге өтемақы төлеу көзделген. ІІМ құрылымында осы санаттағы қылмыстарды анықтаумен, жолын кесумен және ашумен айналысатын адам саудасына қарсы күрес жөніндегі бөлімшелер жұмыс істейді. Бұдан басқа, полиция органдары тоқсан сайын мақсатты жедел-алдын алу іс-шараларын жүргізеді.
ҚҰЛДЫҚТАН САҚТАНУҒА АРНАЛҒАН ЕРЕЖЕЛЕР
Мұндай жағдайға тап болмас үшін және адам саудасының құрбаны болмау үшін келесі ұсынымдарды ұсынамыз: ешкімге жеке басын куәландыратын құжаттарды бермеу; жұмыс туралы күмәнді ұсыныстарға сенбеу; басқа қалаға немесе елге барған кезде байланыс телефондары мен мекен-жайларды қалдыру. Егер біреу осындай жағдайға тап болса, жақын маңдағы полиция бөлімшесіне, 102 нөміріне немесе «116 16» сенім телефонына дереу хабарласу қажет.
Құлдыққа түскен шетелдіктердің ісі көбіне сотқа жетпейді - сарапшы
2021-03-26 08:20:16
Источник:
http://www.matritca.kz/news/89796-ldya-tsken-sheteldkterd-s-kbne-sota-zhetpeyd-sarapshy.html#
Последние новости
26.03.2021
Алматыда балалардың вирус жұқтыруы артқан