27 наурызда "Жер сағаты". Нұр-Сұлтанда электр жарығы өшіріледі

2021-03-26 08:20:16
27 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында "Жер сағаты" бүкіл ғаламшарлық акциясы аясында 150-ден астам нысан электр қуатынан ажыратылады. Елорданың көптеген нысандары осы уақытта сыртқы сәндік жарықтарын сөндіреді, деп хабарлайды zakon.kz ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.


Акцияның негізгі мақсаты – ғаламшар ресурстарына жауапты және ұқыпты қарауға адамдардың назарын аудару. Жыл сайын 180 елден миллиондаған адамдар 1 сағатқа жарық пен электр құрылғыларын сөндіреді.

Әлемнің мыңдаған сәулет ескерткіштері: Эйфель мұнарасы, Биг Бен, Колизей өз жарықтарын сөндіреді.

Қазақстанда "Жер сағаты" акциясы жыл өткен сайын танымал болып келеді. Егер бұрын бұл науқанды тек ірі қалалар қолдаса, соңғы екі жыл қатарынан елдің барлық өңірлері акцияға қосылып жатыр.

Акцияның ұйымдастырушылары: Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы, "Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы" КЕАҚ, "Жасыл" экономика және G-Global-ды дамыту коалициясы" ЗТБ, "QazExpoCongress" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы, "Eco Fund Tabigat" қоғамдық қоры, сондай-ақ облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктер.

Жергілікті уақыт бойынша 20:30-да елордада келесі нысандардың сыртқы сәндік жарығы өшіріледі: Астана-Арена, Алау Мұз айдыны, Барыс Арена, Қазмедиа Орталығы, Мәңгілік Ел монументі (триумфалды арка), NUR ALEM болашақ энергиясы мұражайы, Астана Опера опера және балет театры, Сарайшық көшесіндегі М2 көпірі, Сығанақ көшесіндегі М3 көпірі, Астана-Бәйтерек монументі, Talan Towers БО, "ҚТЖ" АҚ ғимараты, Нұр-Әлем сферасы, Хан ШатырСОО, "Ailand" ОДО, Mega Silk Way СОО, "Сары арқа" СОО, Назарбаев Университет, "Жекпе-Жек" СК, "Ақ Орда" Президент Резиденциясы, Хазірет Сұлтан мешіті, ҚР Ұлттық мұражайы, Шабыт шығармашылық сарайы, Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік және Келісім сарайы, Қазақ Елі монументі, Оқушылар сарайы, ІІМ ғимараты, сондай-ақ 150-ден астам тұрғын үй кешендері.