Ғасырдан астам тарихы бар мекеме / 21?

Әскері мықты, сарбаздары күшті болған ел – қуатты болып саналады. Бүгінде еліміздің қорғаныс саласы осы жылдар ішінде небір белестен өтіп, небір қамалдарды алды. Бұғанасын бекітіп, қанатын қатайтты. Бұл ретте оған теңізге түскен тамшыдай болса да, Қарасай аудандық әскери қорғаныс бөлімі де бұған өзіндік үлесін қосып келе жатыр десем, қателеспеспін. Негізінен бөлімнің мақсаты – төтенше жағдай орын алған кезде жұмылдыру жұмыстарын жүргізу болып саналады. Ал, қазіргі, бейбіт аспанымызды бұлт шалмаған тыныш заманда бөлімнің қосымша міндеті – азаматтарды әскер қатарына шақырып, Отан қорғаушыларды сапқа тұрғызу. Осы тұрғыдан алғанда киелі Жетісу жерінің қара шаңырағы саналатын Қарасай ауданында осы істер рет-ретімен алға басып, оң нәтижесін беруде. Таяу жылдары ғана аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің ғимаратына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Газбен жылыту жүйесі іске қосылды. Сонау 1928 жылы іргесі қаланған мекеме 1939 жылы әскери коммиссариат болған екен. Содан бері жай ағымдағы қалыпқа келтіру жағы қолға алынғанымен, кешенді жөндеуді қажет етіп тұрғаны байқалатын.

Сол бір сұрапыл соғыс кездерінде, 1942-43 жылдары осы әскери комиссариаттың комиссары атақты ақын, кезіндегі жыр алыбы Ж.Жабаевтың әдеби хатшысы Тайыр Жароков болған. 2015 жылдың желтоқсанында бөлімнің ауласына осы тарихи тұлғаға арнап ескерткіш қойылған. Өйткені, бұл да өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге, өзінше бір тәрбие.

Сонымен қатар, 1918 жылы Лениннің декреті негізінде әскери комиссариаттар құрылғаны белгілі. Осыған орай, 2018 жылы Қарасай аудандық комиссариатқа да 100 жыл толды.