Ұранды елдің – ұрпағы қайсар

Ұранды елдің – ұрпағы қайсар

Жеңіс күні – жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, қуаныштың жалауы желбіреген күн. Тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуын да, еліміздің өркендеуі мен елордамыздың гүлденуін де осы тарихи оқиғадан бөліп қарай алмаймыз. Келер ұрпақ ардагерлер көрсеткен қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын ауданымыздағы ардагерлер қатары сиреп барады. Осы күнге жетпей қыршынынан қиылған сан мыңдаған боздақтардың аманаты біздердің, жастармыздың мойынында екенін ұғындыра отырып, келешек жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру – біздің мақсатымыз. Сол себепті де,  таяуда Шамалған ауылындағы орта мектепте  Ұлы Жеңістің 73 жылдық мерекесіне арналған, үш бөлімнен тұратын  ауқымды  іс-шара ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға ауыл әкімі Ақылбек Бексұлтан, округтік ақсақалдар кеңесінің төрағасы Яя Фазылұлы, ауылымыздың тыл ардагерлері қатысты. Сонымен қатар, Алматы қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектебінің жас ұландарын басқарып келген майор Арман Көбетаев өз курсанттарымен арнайы келіп, жергілікті тұрғындар да көрермен болды. Шамалған ауылының әкімі Бексұлтан Ақылбекұлы құттықтау сөзімен ашылған шара «Қасірет шегіп, қан кешкен боздақтарға мың алғыс! Ұмытпаймыз, ұлықтаймыз!» атты салтанатты саптық шерумен жалғасты. Оны әскери мектептің жас ұландары бастап, баршаның патриоттық сезімдерін оятып, ерекше күйге бөледі. Біздің жоғары сыныптықтар да олардан қалыспай, саптық шеруге жақсы дайындалғандықтарын көрсетті. Шеру 4 сынып оқушыларының әдемі флешмобымен аяқталды. Сондай-ақ, соғыста қаза тапқан ерлердің рухына бір минуттық үнсіздік жарияланып, мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылды.
Мектебіміздің мәжіліс залында өткен «Біз батырлар ұрпағымыз!» атты мерекелік концерт те көп көңілінен шықты. Онда Ұлы Жеңіс мерекесі – адам өмірімен, тағдырымен бағаланып, өте қымбатқа түскен күн екенін айғақтау мақсатында, мектебіміздің 9,10,11 сынып оқушылары мен ұстаздарының қатысуымен қойылым көрсетілді. Соңынан арнайы қонақ болып  келген  тыл ардагерлеріне мектеп ұжымының арнайы әзірлеген  сый-сияпаттары табысталды.
Ботакөз САЛИМЖАНОВА,
мұғалім.