Жуырда, «ISKER» компаниясының ұйымдастыруымен, «Қазанат» ипподромында жастар арасында садақ ату мен көкпар ойынынан жарыс өтті. Көкпарға шабар аттар дайын болғанша, садақ атудан 16 жасқа дейінгі жеткіншектер сайысқа түсті. Бір сағатқа созылған бұл бәсекеде Алматы қаласынан келген Ерғазы Сәрсенбай мергендігімен көзге түсіп, бірінші орынды алды. Ал, «Қазанаттан» қатысқан Мағжан Ерехан атты садақ саңлағы екінші орынға ие болды. Тағы бір қазанаттық Тынышбек Дәулет үшінші орынды қанжығасына байлап қайтты.
Марапаттау рәсімінде «ISKER» компаниясының бас директоры Василий Алексеевич Тен жанкүйерлерді Қазақстан халқының бірлігі күнімен және Ұлы Жеңіс мейрамымен құттықтап, жеңімпаздарға мақтау қағаздарын табыстады. Сонымен, көкпар ойынының қорытындысымен бөлісер болсақ, бірінші орынды «Қазанат» командасы, екінші орынды Алматы қаласының командасы алды. Ал, үшінші орынды Алматы облысының өкілдері иеленді. Оларға «ISKER» компаниясының ұжымынан сыйақы дайындалып, бірінші орынға 200 мың, екіншіге 150, ал, үшінші орынды еншілеген командаға 100 мың теңге берілді.
Ал, ат үстінде садақ ату сайысынан Шәмен Темірлан бірінші орынды алып, оған 30 мың теңге берілсе, екінші орынға ие болған Садықов Ғабитке 20 теңге табысталды. Үшінші орынды иеленіп, 15 мың теңге ұтып алған спортшымыз Қыстаубай Саян болды.
Жұмабек СМАМЫТОВ.