Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 ақпандағы №190 Жарлығына сәйкес өткізілетін барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдында есеп беру кездесулері бекітілген. Осыған байланысты аудан әкімі Жандарбек Далабаев үстіміздегі аптада аудан халқының алдында өзінің есептік кездесуін бастады. Оның алғашқысын Елбасының кіндік қаны тамған Шамалған ауылдық округіндегі ауылмен аттас қазақ орта мектебінің мәжіліс залында өткізді.
Жиын алдында Жандарбек Ермекұлы білім ордасының арнайы дайындаған көрмесін тамашалап, аталмыш ауылдан өндірілетін өнімдерге оң бағасын берді.
Одан кейін межелі уақытқа белгіленген есепті кездесуді бастап кетті. Бұл жиынға аудан басшысымен бірге оның орынбасарлары, құқық қорғау органдары мен тиісті қызмет басшылары, ауданның кәсіподақ ұйымының, қоғамдық кеңестің төрағалары, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары және БАҚ өкілдері қатысты. Бұдан бөлек, Алматы облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев та болды. Ал, есепті кездесуді аудандық мәслихаттың хатшысы Айтбай Көшкімбаев өзі төрағалық етіп, жүргізіп отырды. Күн тәртібіне сәйкес аудан басшысының 2018 жылдағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және 2019 жылға қойылатын міндеттер тыңдалды.
Алғы сөзде аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы өткен жылы атқарылған бірқатар тыңғылықтың істердің орындалғанын айтып өтті. Кеңінен айтар болсақ, оның ішінде ауданымыздың экономикалық, ауылшаруашылық, денсаулық, мәдениет саласындағы бірқатар істердің жүзеге асқанын нақтылап жеткізді. Мәселен, былтырғымен салыстырғанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 24,2 млрд. теңгеге артық орындалғанын, ал, ауылшаруашылық саласы бойынша тиімді шаралар қабылдауынан осы ортадағы өнімдердің көлемі 50 млрд. 227 млн. теңгені құрағанын түсіндірді. Сонымен қатар, аудан бойынша бірқатар балабақшалардың іске қосылғанын, оның арасында жекеменшік-мемлекеттік серіктестік аясында іргетасы қаланған бөбекжайдың қолданысқа берілгендігі жайлы да қосымша айтылды. Ал, осы Шамалған ауылдық округіндегі денешынықтыру және сауықтыру орталығының құрылысы ағымдағы жылда аяқталатыны сөз етілді. Аудан басшысы бұл айтылғандардан бөлек, денсаулық, білім саласына қатысты көптеген істердің де жүзеге асқанын айтып, оның ішінде 2019 жылда өз жұмысын аяқтайтын нысандардың да бар екенін атап көрсетті.
2018 жылда сәтті аяқталған межелі жұмыстар мен игілікті істерге қорытынды жасаған аудан әкімі өз баяндамасында Қарасай ауданының 90 жылдығына ерекше тоқталып, айтулы мерейтой қарсаңында аудан бойынша 90 іс-шара жоспарлы түрде бекітілгенін айтып өтті. Сондай-ақ, барлық тұрғындарды өңіріміздің өркендеуі мен гүлденуіне жұмыла кірісіп, абыройлы істер атқаруға шақырды.
Аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың есеп беруінен кейін жарыссөзге шыққандардың да ой-пікірі тыңдалды. Олардың арасында медицина саласының маманы, ұстаздар, жастар атынан сөйлеген жандар болды. Атап айтсақ, қазақ тілі мен әдебиеті пәніні мұғалімі Динара Есалиева, ауылдық емхананың терапевт-дәрігері Мөлдір Жайылханова, жастар саясатын қолдаушы Қоблан Алдаберген. Әрқайсысы өз саласында игерілген істердің нақтылы жүзеге асқанын айтып, Шамалған ауылдық округінің дамуына қатысты өтініштерін де жеткізді. Сөз арасында аудан әкімінің істеп жатқан жүйелі жұмыстарына ризашылықтарын білдіріп, әрқайсысы «қанағаттанарлық» деген баға берді.
Осындай жарыссөздерден тыс ауыл тұрғындары тарапынан да ауыз су, газ, жол, жарық және медицина саласына қатысты бірнеше сауалдар қойылды. Ауыл тұрғыны Баян Оразғалиева ауылдастарының және көршілерінің атынан жол, су, жарық мәселелеріне қатысты уәжін айтты. Бұл мәселелерді аудан басшысы тиісті бөлім басшылары мен Шамалған ауылдық округінің әкімі Ержас Тоқтасыновқа жіті қадағалауды тапсырды. Сонымен қатар, медицина жағынан да мәселелер қамтылды. Оның ішінде жедел жәрдем көлігінің аздығы жайлы сауалды ауыл тұрғыны Фаризат Бачиева қойды. Ал, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Ербол Сәрсенбаев қойылған сұрақтардың барлығы өз саласына қатысты болғандықтан, әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, аудан халқының санына байланысты 13-тей жедел жәрдем көлігінің жетіспейтінін алға тартты. Осыған қатысты аудан әкімі Алматы облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаевтан осы мәселені ескеруін сұрады. Сонымен, осылайша ауыл халқының айтылған бірталай өтініштері ескерілді. Олардың жақын арада оңды шешімі табылу үшін аудан әкімі Жандарбек Далабаев округ әкімі Ержас Тоқтасыновқа бір айдан кейін тағы да кездесу ұйымдастыруды тапсырды.
Есепті кездесу соңында ауыл ақсақалдарының атынан аудан әкіміне деген ризашылық ізгі ниеттер айтылып, «баталы ұл арымас» дегендей, қазыналы қарттарымыз өз ақ баталарын да берді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.