У ішіп жүрген жоқпыз ба?

У ішіп жүрген жоқпыз ба?

Қазір Қазақстан нарығында «Dizzy», «Red Bull», «Gorilla» секілді энергетикалық сусындар ашықтан-ашық сатылып отыр. Жастар да, мектеп оқушылары да осы бір «сиқырлы сусынға» құмар-ақ. Ол ұйқыны ашып, күш беріп, сергек жүруге көмектеседі-міс. Алайда, дәрігер мамандар оның адам денсаулығына орасан зор зиян екенін келтіріп, белсіздікке ұшырататынын айтуда. Сонымен, бұл сусын бізге керек пе, әлде мұның таралуына мүлдем тыйым салған жөн бе?

Энергетикалық сусындардың құрамында адам ағзасына төтенше қауіпті химикаттар бар. Оларды жиырмасыншы ғасырдың 60-шы жылдары АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі Вьетнамда соғысқан американдық жауынгерлердің моральдік және әскери рухын ынтыландыру үшін әзірлеген,. Алайда осындай сусындарды тұрақты пайдаланудың нәтижесінде жауынгерлердің арасында бас ауруы, ми ісігі, бауыр ауруы сынды тосын оқиғалар көбейіп кеткен. Мұның салдарынан сескенген Пентагон сусындарды әскерлерге беруге тыйым салуға мәжбүр болған. Ал тарихта болған осындай келеңсіз оқиғалардан сабақ алудың орнына, Қазақстан қоғамында кейінгі кезде энергетикалық сусындарды еміреніп тұрып ішетіндердің қарасы көбейе бастаған. Сиқырлы суға әсіресе желік қуған жастар тым әуес болып алған.
«Адам денсаулығына зиянды сусындардың сатылуына тыйым салынбауының сыры неде?» – деген сауалдың туындауы заңды. Бұл сыр әлі күнге дейін құпия күйінде қалып отыр. Қалай десек те, энергетикалық сусындардың адам денсаулығына зияны шашетектен. Осы тұрғыда аудандық орталық ауруханасының аурулардың алдын алу және психологиялық көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі Дана Таждинованың пікіріне құлақ астық:
– Энергетикалық сусындарды қолдануға қарсымын. Өйткені оның құрамында кофеин, сахароза, таурин, этиль спирті шамадан тыс көп. Оны үнемі тұтынған кезде гастрит, асқазанның ойық жарасы, артериялық гипертензия, ұйқысыздық, ашуланшақтық пайда болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы балалар арасындағы жүрек-қан тамырлары сырқаттары мен жүйке жүйесінің бұзылуын, асқазан, ішек ауруларын болдыр-маудың бір жолы – энергетикалық сусындарды шектеу екенін айтқан. Мысалы, Франция, Дания және Норвегияда энергетикалық сусындарды сатуға ресми түрде рұқсат етілмеген, тек оның құрамындағы заттар жүйке жүйесін ынталандыру үшін дәрі ретінде дәріханаларда сатылатын көрінеді. Ал кейбір елдерде жасөспірімдерге сатуға болмайтын заң қабылданған. Қызылды, жасылды сусындардың адам денсаулығына зияндылығын қанша айтсақ та артық емес. Нәтижесінде жастарымыз спортпен айналысу арқылы күш жинап, шұбат, қымыз, айран секілді ұлттық нәрімізбен сусындаса екен.
Сондай-ақ, көптеген энергетикалық сусындардың құрамында көп мөлшерде В дәрумені болады. Ол жүрек соғысын жиілетіп, аяқ-қолдың дірілдеуіне себеп болатын көрінеді. Оны күнделікті пайдалануға болмайды. Егер адам оны жиі қолданса, ол жүйке жүйесінің қызметіне нұқсан келеді екен. Оны сырамен бірге ішсе, адамды бірден мастық күйге түсіреді. Энергетикалық сусындар ағзаны энергиямен қамтамасыз етеді дегенге сенбейтін жан жоқ шығар. Сусында ешқандай энергия жоқ, ол тек энергия қоздырушысы, яғни, сергіткіш сусын ішкен адам өз энергия қорын пайдаланады.
Бұл сусындар бастапқыда спортпен шұғылданатын адамдарға белгілі бір күш-жігер қажет болғанда қолдануға ұсынылған болатын. Алайда, қазір мұны жасөспірімдер, мектеп оқушылары, тіпті, егде жастағы адамдар да жиі пайдаланып жүр. Әсіресе, такси жүргізушілері осы сусынға зәру жандардың қатарында. Бұны түнгі уақытта өзін сергек сезіну үшін шамадан тыс қолдануы жол апатына алып келуіне де себепші. Себебі, энергия берер сусынның қуаты жоғары да айтқандай 2-3 сағат қана. Осы уақыт аяқталғанан кейін, адам тез шаршап қалжырап ұйықтап кеткен жағдайдың жақсылыққа апармайтыны белгілі.
Сонымен қатар, мұндай сусындарды аяғы ауыр келіншектерге, балаларға, жасөспірімдерге, жүрек-қан тамырлары ауруларымен сырқаттанатын адамдарға мүлдем пайдалануға болмайды. Оны жастардың өзі көп ішсе, оның арты белсіздікке әкеп соқтыруы мүмкін. Тіпті, осы зиянды сусынның кесірінен шет ел азаматтарының арасында өмірімен қош айтысқандар да болды. Мысалы, Ирландиялық бір спортшы дәл осы сусынның 3 құтысын ішкеннен кейін баскетбол алаңында жан тапсырды. Ал, Швецияда энергетикалық сусын мен алкогольмен араластырып пайдаланған үш адам би алаңында көз жұмған.
Ресейлік мамандар энергетикалық сусындар жастардың арасында инсульттің көбеюіне ықпал етіп отырғанын айтып, дабыл қағуда. Осылайша олар да бұл сусыннан бас тартып отыр. Енді бізге қайтпек керек? Энергетикалық сусындардың қауіпті екенін біле тұра, оған неге тыйым сала алмай отырмыз?
Кейбір мәліметтерге сүйенсек, әлемнің 70 елінде энергетикалық сусындардың жылына 1 миллиард қалбыры сатылады екен. Мұның қаншасы Қазақстан нарығының үлесінде екенін тап басып айту қиын. Қалай десек те, бұл сусындардың қауіпті екендігін жоғарыда сөз алған мамандар баса айтып отыр. Дегенмен де бұдан бір қорытынды шығаратын кез жетті.
Егер жоғарыда айтқан мамандардың уәждері рас болса, онда ұрпақ болашағы, ұлт келешегі үшін елімізде энергетикалық сусындарды өндіруге де, сатуға да тыйым салған дұрыс. Бұдан ұтпасақ, ұтыла қоймаспыз.

Бұрым ОРЫНБАСАР.

 

Последние новости

Ажырасу абырой әкелмес
Заманауи бағыттағы мектеп
Ұлттық аспап ұлықталды
Жаңа әліпби – жаңа дәуір бастауы
Техника іске дайын
Повышая качество медицинских услуг
Бірінші Майда жаңа әкім
Адал бастамалар айшықталды