Жаңа әліпби – жаңа дәуір бастауы

Жаңа әліпби – жаңа дәуір бастауы

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында елімізді әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосатын бағыт беріп, жол көрсетті. Таяу жылдарға қойылған міндеттердің қатарына қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын қойған. Мақала жарық көрген күннен бастап осы мәселе қоғамда кеңінен талқыланып, латын әліпбиінің қазақ тілін дамытудағы маңызы, өзектілігі жан-жақты айтылып келеді. Осыған сәйкес қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі жобасы бастау алған болатын. Бұл шара негізінде Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Жаңа әліпби – жаңа дәуір бастауы» атты жұмыс тобы құрылды. Құрамы Алматы облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Ермек Ақшабаев, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының PhD докторанты Арайлым Шормақова және осы білім ордасының аға ғылыми оқытушысы Дана Пашан сынды тіл саласындағы қызметкерлермен жасақталған.
Олар 16 қазан мен 9 қараша аралығында облыстың барлық аудандарында түсіндіру, талқылау жұмыстарын жүргізеді. Осы аптаның екінші күні ұйымдасқан топ Қарасай ауданына табан тіреді. Алдымен мамандар жаңа әліпбидегі тиімді тұстары мен латын әліпбиінің қоғамдық ортада насихаттау қолданысын кеңейту міндеттеріне тоқталды. Жалпы, Елбасы қазақ тілі әліпбиінің кириллицадан латын графикасына көшіру туралы жарлығы 2017 жылы 26 қазанында ресми мақұлданған. Ол 32 таңбадан тұрады, тоғызы апострофпен белгіленген.
Бүгінгі таңда тіл мамандарының арасында пікірталастар өрбіп жатыр. Бәлкім, бұл да дұрыс шығар. Ең бастысы, нақты бір ғылыми тұжырымға, ортақ пікірге келген секілді. Дайын үлгісін осы көшпелі керуеннің мүшелері назарымызға ұсынды. Сізде хабардар болыңыз. Латын әліпбиіне көшу барысында аса мұқияттылық танытатын мәселенің бірі – шет тілдерінен енген терминдердің жазылуы. Жаңа әліпбиге көшу жөнінде шешім қабылданған қазіргі кезеңде де терминдерді жазудың ережелерінде аса мән берілген. Мысалы, дж әріп тіркесі бар сөздерде д әрпі түсіріліп menejer, jinsy, jentеlmen деп жазылады. Ескерту дж әріп тіркесінің арасынан буын жігі өтетін және сөз мағынасы өзгеретін жағдай д әрпі сақталып жазылады: búdjet. Ал, ч, ш, щ болса ағылшын алафавитіндегі секілді sh (ш), ch(ч), shsh(щ) қосарлы әріптерімен таңбаланады. Түсінікті болу үшін бұл жолы да мысалмен келтірейік. Ескертетін жайт тч дыбыстар тіркесімен аяқталатын сөздердегі т әрпі түсіріліп жазылады. Skoch(скоч), skech(скеч), mach(мач), ashshy(ащы), tushshy(тұщы), praporshshik(прапорщик). Тағы бір қосарланып жазылатын таңба ол, ю (iý) және я (ia) әріптері. Осы жерден жіңішкелік белгісі қайда кетті деген сұрақ туады. Бұның да жарасын жеңілдетіпті тіл мамандары, жіңішкелік белгісімен қатар келетін дыбыстар алдыңғы әріптерін жіңішкертеді, яғни, дауыссыз дыбыстан кейін á таңбасы қолданылады екен. Нақтырақ болу үшін мысалды оқып көріңіз: аkýmýlátor, zarád, kalkýlátor, aiý, oiý, ıýpiter, ıýrmala. Тағы да кірме терминдерге қатысты сөз соңында, ортасында қайталанатын әріптердің біреуі түсіріледі. Мысалы: klas (класс), gram(грамм), komisar(коммисар), profesor (профессор). Ескерте кететін жайт сөз мағынасын өзгертетін жағдайда қосарлы әріптер қалдыралады massa (масса), esse (эссе). Мұндағы тағы бір ерекшелік ий-мен аяқталған сөздің соңына бір ғана ı әріпі жазылады. kalı (калий), natrı (натрий), kafeteri (кафетерий). Ағылшын тіліндегі түпнұсқасында w әріпімен басталатын сөздерді ý әрпімен белгілейміз. Ý atsap, ýikıpedıa, ýeb-saıt. Ал, сөз соңында келетін – ст,-сть, зд әріптерін түсіріліп қарапайым қазақшалап jýrnalis (журналис), komýnis (комунис), vedomas (ведомос) деп айтып таңбалай бересіз. Бұл емледе бір әріпте бір таңба ережесіне сай жасалынған. Жоғары көрсетілген мысалдарды оқи отыра өз бетімен үйренемін деген жандарға латын әліпбиінің Елбасы бекіткен түпнұсқасын ұсынып отырмыз.
Қалай десек те, қазақ тіліне негізделген латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Оған баршамыз бірдей, әсіресе, зиялы қауым өкілдері белсене атсалысса алынбайтын қамал жоқ. Бұл шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова да аталмыш тақырыпқа сай өз пікірін білдірді. Негізгі білім беріп, негіз қалаушы ұстаздар қауымы болғандықтан бұл кездесу мектеп мұғалімдерімен өткізілуінің маңыздылығы осында. Жиын барысында педагогтар белсенді қатысып, өздерін алаңдатып жүрген түйткілді сұрақтарын осы саланың мамандарына қойып, мардымды жауаптар алды. Басқосу бірінші Шамалған ауылдық округіне қатысты мектептердің мұғалімдеріне өткізіліп, түстен кейін 1 Май ауылдық округінде жалғасын тапты.
Қазіргі қолға алғанымыз бастапқы шаралар ғана. Алда жүйелі жұмыстар күтіп тұр. Солардың ең бастысы халықты латын қарпін жазуға жаттықтыру болып табылады. Сондықтан, қазақ тіліне негізделген латын қарпін барша қауымға үйретуді осы бастан қолға алған жөн. Ол үшін балалармен қатар ересектерге арналған үйірмелер ашу, мектептердің жанынан орындар жасақтап, оқыту жолдарын қарастырған абзал. Бұл бүкілхалықтық шарадан шалғай елді мекендердегі тұрғындар да шет қалмағандары орынды болады. Кириллицаға әбден еті үйреніп кеткен ересектердің ықылас-ниеттерін латын әрпіне аударуда біршама қиындықтар туатыны ақиқат. Әйтсе де шындап қолға алынса, үгіт-насихат жұмыстарын ықпалды жүргізуге ден қойылса бәрі әлі-ақ жөнге түседі.

Бұрым ОРЫНБАСАР.

 

Последние новости

Техника іске дайын
Повышая качество медицинских услуг
Бірінші Майда жаңа әкім
Адал бастамалар айшықталды
Визит в Талдыкорган Премьер-Министра
Ұлт әдебиетінің тарлан тұлғалары еді…
«TazaQala» и «BigDeal» в Каскелене
Мемлекеттік қызметтер ұсынылды