Баспаналы болудың жаңа мүмкіндіктері

Баспаналы болудың жаңа мүмкіндіктері

Жуырда «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында қоғамдық қабылдау ұйымдастырылып, оған Алматы облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Садық Әбдіқадыров басшылық етті. Бұл жиынның мақсаты қабылдауға келген азаматтардың тұрғын үй алу және ипотека мәселелеріне қатысты өтінішін қарастырып, оларға кеңінен ақпарат беру болатын. Осыған орай, аталған басқосуға ауданымыздағы «ЦентрКредит» банкінің басқарушысы Сапарбек Назарбаев пен «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкінің бөлім басшысы Дәурен Меңдіханов қатысты.
Жиналысты Садық Нұрсапаұлы ең алдымен Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуінен бастап, әр бастаманың маңыздылығына кеңінен тоқталып, толық түсіндіріп өтті. Сонымен, қабылдауға келген Қаскелең қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Аяп Баяманов, Бекболат ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Жанар Апикова мен Бұлақты ауылының тұрғыны Гүлден Қабілештің сұрағы шағын бизнесті кеңейтуге және «7-20-25» бағдарламасы аясында қалай баспанаға қол жеткізу жайлы болды. Бұл ретте оларға Елбасының «7-20-25» жаңа бағдарламасы жайлы толық ақпарат берілді. Нақтырақ айтқанда, бұл бағдарламаға еліміздің кез келген қаласындағы тұрақты жұмысы немесе бизнесі бар адам қатыса алады. Ең бастысы, атына тіркелген баспанасы болмауы керек және несие тарихы таза, төлем жасауға қабілетті екендігін дәлелдесе жеткілікті. Сонымен қатар, бір қуантарлығы – балаңыздың немесе әйеліңіздің атындағы баспана, бұл бағдарламаға қатысуға кедергі болмайды. Азаматтарға осы бағдарлама арқылы алған ипотекасын 25 жылға созбай, ерте жауып тастауға мүмкіндік берілетіні де ерекше аталып өтті. С.Әбдіқадыровтың айтуынша, бұл жаңа бастама «мемлекеттің арқасында күн көру» емес, азаматтарды жеңіл несиеге қол жеткізу мақсатында әзірленген екен.
Мұнан соң, шағын бизнесті кеңейтуге тиімді несие беру жайлы сөз болды. Бұл сауалға «ЦентрКредит» банкінің басқарушысы Сапарбек Мұхтарұлы толықтай жауап беріп, керекті ақпаратты жеткізді. Ал, Жаңашамалған ауылдық округінің тұрғыны Ақнұр Манамбаеваның сауалы Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуінде айтылған салық жүктемесін азайту туралы толықтай түсінік алуға қатысты болды. Осы орайда «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» туралы кеңінен айтылды. Бұл ретте «Салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, бір процент қана салық салуды ұсынамын» деген Президенттің сөзі тілге тиек етілді. Сонымен қатар, осы мәселе бойынша ауданымыздағы Мемлекеттік кірістер басқармасының маманы Жанат Әбдіқасымның айтуынша, үй несиесін, яғни, ипотека төлейтіндердің де салығын бір пайызға дейін түсіруге болады екен. Осылайша, қабылдауға келген азаматтардың барлығы қойған сұрақтарына қанағаттанарлық жауап және дұрыс бағыт-бағдар алды.
Мұнан кейін Садық Әбдіқадыров Қаскелең қаласындағы «Қарлығаш» тұрғын үй кешеніне жол тартты. Онда ол көпқабатты үйлердің жай-күйімен танысып, сонымен қатар, ауданымыз бойынша алғашқы болып, «7-20-25» бағдарламасы аясында баспанаға қол жеткізген Дениза Кунтугановамен кездесіп, сұхбаттасты. Бұдан бөлек, тұрғын-үй кешенінің жанындағы балабақшаны да аралап қайтты.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.