Өз балаңызға үлгі болыңыз!

Өз балаңызға үлгі болыңыз!

Өткен аптада аудандағы С.Керімбеков атындағы орта мектебінде «Қазақстандағы XXI ғасырдың ата-аналары: өз балаңызға үлгі болыңыз!» тақырыбында республикалық ата-аналар конференциясы өткізілді. 8-9 қыркүйек күндері 1 және 11 сынып оқушыларының ата-аналарына жоспарланған бұл жиынның мақсаты – отбасы мен мектеп ынтымақтастығын нығайту. Осы тұрғыда жоғарыда аталған білім ордасында 1 сынып оқушыларының ата-аналарымен психологиялық-педагогикалық тұрғыда тренинг өткізілді. Сондай-ақ, конференцияда қонақ ретінде Қарасай ауданының білім бөлімі мемлекеттік мекемесінің әдіскері, қамқоршылық кеңесінің бірқатар мүшелері қатысты.
Алғаш сөз кезегін алған осы мектептің директоры Қанат Байғараев 8 қыркүйекте аталып өтетін Отбасы күнімен құттықтап, ата-аналар үшін бұл жиынның аса маңыздылығын түсіндіріп, жоғарыда айтылған мектеп оқушыларына педагогикалық, психологиялық кеңестің аса қажеттілігін жеткізді. Одан бөлек баланың интернетке деген тәуелділігі, басқа діни ағымның жетегінде кетпеуі, отбасылық құндылықтарды нығайту сияқты тақырыптар жайында ой қозғалды. Одан кейін мектеп психологы Ақмарал Байғазиева үлкен экран арқылы конференция бағдарламасын ұсынды. Сол бойынша ата-ана балаға қалай үлгі болу керек, қандай қарым-қатынаста болу қажет деген сияқты сұрақтың төңірегінде баяндамысын оқып, залға жиналған ата-аналар арасында тренинг жүргізді. Мәселен, «Бала жаман әдеттерден аулақ болу үшін қандай дене мүшелеріне шектеу қою керек?» деген сауал жиналғандарды қызу пікірталасқа түсірді. Бірі жаман нәрсені көрмеу үшін көзін тыю керек десе, екіншісі жаман әдетке жақындамау үшін аяқ-қолына тыйым салу керек деп ойларын бөлісіп жатты. Алайда, психолог маманның ойынша жалпы баланы ешнәрседен шектемей, онымен жақын тілдесіп, мәселені екеуара түсіністікпен шешу керектігін түсіндірді. Себебі, әр баланың әртүрлі жаста сана-сезімі дамиды. Жас ерекшеліктеріне сай олармен барынша әр бағытта әңгімелесуге, жиі-жиі өзара ой бөлісуге шақырып тұру керектігін айтты.
Конференция барысында маңызды мағлұматтар алған ата-аналар белсене қатысуымен қатар, бір-бірімен пікір алмасу арқылы ойларын ортаға салды. Тіпті, айтылған ақпараттар арқылы бастапқы өз ойларын өзгерткен ата-аналар да кездесіп жатты.

Дидар МУХАМАДИЕВ.