Бұл да тәлім-тәрбие көзі

Бұл да тәлім-тәрбие көзі

Жуырда Шамалған бекетіндегі қазақ орта мектебінің алаңында, мектеп оқушылары арасында қазақтың ұлттық ойындарының бірі – Асық ату ойынынан іріктеу жарысы өтті. Қызу бәсеке барысында командалық есеп бойынша Көлащы орта мектебінің оқушылары топ жарса, ІІ, ІІІ орынға қазақ орта мектебі мен Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің оқушылары ие болды. Ерекше көзге түскен асық ату шеберлері аудандық жарысқа жолдама алып, естелік сыйлықтармен және мадақтамалармен марапатталды.
Қазақтың ұлттық ойындары – сан қырлы, мазмұнға бай асыл қазыналардың бірі. Олар адам көңілін көтеріп, ойын- сауықтық қана рөл атқарып қалмастан, дененің шынығуына, ептілік, күш-қайрат түрлерінің қалыптасып, ақыл-ойдың жетілуіне ғасырлар бойы игілікті әсер етіп келген. Ұлттық ойындарымыздың тәрбиелік мәні зор, оның бірлік пен ынтымақтың жолын дамытуда да маңызы зор. Асық ойыны ежелден келе жатқан ұлттық ойынымыз, әрі аса көп шығынды қажет етпейтін, адамды ептілікке баулитын ойын түрі. Сондықтан оны да дамыту маңызды. Ол, біріншіден, жастарды спортқа баулу болса, екіншіден, ұмытылып бара жатқан ұлттық ойынды қайта жандандыру.
Спорттың кез келген түрі әуесқойлықтан басталады. Бірақ, қай спорт түрінен болсын, бала кезінен бастап айналысқан дұрыс. Қазір әуесқой асық атушылар көбейіп, арасынан мергендер шығып келеді. Асық ойыны бұқаралық сипат алды деуге болады. Алдағы уақытта қала, ауылдарда асық ойыны орталықтары ашылып жатса нұр үстіне нұр болмақ.
Иә, асық ойынының кез келген түрі адамды шеберлікке, сергектікке баулитын тамаша спорт екеніне барлығының көзі жетіп отыр. Бұл біздің ғана пікіріміз емес, осы ойынның жанашырларының да пікірі. Сол себепті асық ойынынан алыс болмағанымыз абзал!
Өмірзақ АСЫЛХАН,
Жаңашамалған ауылдық округі әкімі
аппаратының жетекші маманы,
Гүлназ НҰРЛАН,
жастар ісі жөніндегі нұсқаушы.