Денсаулық саласына қажетті жүйе

Денсаулық саласына қажетті жүйе

Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында да цифрлы технологиялар арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажеттігін атап көрсетті. Соның нәтижесінде, бүгінгі таңда стационарда жататын науқастардың электронды тіркелімі, емдеуге жатқызу порталы және емханаға бекітілетін халықтың тіркелімін және басқаларды әзірлеу жұмыстары дұрыс жолға қойылып келеді. Цифрландыру бағдарламасы денсаулық сақтау жүйесін, үйге жедел жәрдем мен дәрігерді шақырудан бастап бүкіл профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтерді толық қамтуы тиіс. Елбасы тапсырмасына сәйкес, денсаулық сақтау саласын цифрландыру арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, халық үшін қолайлы медицина жасалуы керек. Осыған байланысты қазіргі уақытта жер-жерде медицина саласын цифрландыруға қатысты жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Расында да, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы денсаулық саласына өте тиімді жүйе екендігін көп қызметтерден-ақ анық аңғаруға болады. Өйткені мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, атқарылып жатқан шаруалар ең алдымен халықтың өзіне ыңғайлы. Бұрынғыдай уақытын босқа жұмсап, кезекке тұрмайды. Үйде отырып-ақ қажетті қызметтің бәрін ала беруге болады.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап медицина ұйымдары медициналық құжаттаманы қағазсыз форматта жүргізуге толықтай көшетінін, соның ішінде электрондық амбулаториялық карталар, аурулардың электрондық тарихы және электрондық рецептілердің көшірмесі де болатынын атап көрсеткені белгілі.
Расында да осы уақытқа дейін дәрігерлер бір деректі 3 реттен жазуға мәжбүр болып келді. Алдымен қағазға түсіреді, одан денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйелеріне және денсаулық мекемесінің ішкі ақпараттық жүйесіне енгізіп, қыруар уақытын кетіреді. Ал цифрлы жүйе қолданылса, мұның бәрінен арылып, тіпті жаңадан жұмысқа келген дәрігердің өзі алдына келген пациенттің ауру тарихын сұрастырып отырмайды. Компьютерге үңіледі де, сырқаттың тарихына дереу қанығады. Міне, Президент атап көрсеткен, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының медицина саласына тигізер тиімді пайдасы осы.
Біз Елбасының медицина саласын цифрландыруға қатысты тапсырмасын жергілікті жерде барынша тез әрі тиімді етіп орындауға бар күш-жігерімізді салып жатырмыз. Медицина саласы әлемдік өркениет көшінен қалмауы керек. Әрине, жыл сайын дәрігер, мамандарымыз біліктілігін арттырып отыр. Енді «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын аудан көлемінде толыққанды енгізсек, халық та бұған тезірек үйренеді. Біз медицинада электронды қызметті пайдалануға қатысты аудандық басылымда бірнеше рет мақала жарияладық. Тұрғындар электронды қызметтің тиімді екеніне барған сайын көздері жетіп келеді.
Е. СӘРСЕНБАЕВ,
аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері.