Мерекелік шара ұйымдастырылды

Мерекелік шара ұйымдастырылды

Мектеп бітіру кеші түлектер үшін жүрек тербетер ең маңызды сәттердің бірі. Осы салтанатқа орай облыстық №1 балалар үйі мерекелік шара ұйымдастырды. Ауданымызға қарасты бұл мекеме Алматы қаласындағы Бағанашыл елді мекенінде орналасқан.

Мектеппен қоштасу сәтін түлектер үшін есте қаларлықтай өткізу үшін ұстаздар ұжымының бұл күнге ерекше дайындалғандықтарын айтқан балалар үйінің директоры Гүлмира Қондыбаеваның сөзінен жеткіншектерге деген ыстық ықыласын байқадық. Қоштасу кеші Алматы қаласындағы «Диана» мейрамханасында өткізіліп, оның басшылығының қолдауымен 120 адамға кең дастархан жайылды. Алдымен шара басында тәрбиеленуші-лердің кішкентай кезінен басталып көрсетілетін бейнеролик назарға ұсынылды. Одан кейін, 30 тәрбиеленушіге орта және негізгі білім туралы куәліктері табыс етілді. Солардың ішінде Аида Ефименко жоғарғы орнына түсуге ниеттенсе, 27-сі колледжге документтерін тапсырады. Қалған екеуі 10 сыныпты жалғастырады екен.
Сондай-ақ, бұл басқосуға бір топ бөлім басшыларын бастап келген аудан әкімінің орынбары Айжан Назарбаева құрметті қонағы болып қатысып отырды. Бірнеше жылдан бері аудан қамқорлығындағы балалар үйіндегі жылдағы дәстүр бойынша біздің аудандық әкімдік пен мекеме басшылары тәрбиеленушілерге кешкі көйлектер мен спорттық киімдерін сыйлады. Ал, өз кезегінде балалар үйінің директоры Гүлмира Сансызбайқызы жасалған қайырымды істерді ұйымдастырғаны үшін аудан әкімі Жандарбек Далабаевқа Алғыс хат беру арқылы ризашылығын білдірді. Мұнан өзге, «Амадус» қайырымдылық қорының атынан келген Анастасия Бреус барлық бітіруші түлектерге планшеттер тапсырса, «Дом» қайырымдылық қорының мүшесі Галина Кветкина да арнайы сыйлықтарын табыс етті.
Негізгі бөлімнен кейін салтанатты кеш концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Серікбол Сайлаубек, «FM» тобы және басқа да қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары әннен шашу шашты.
Басқосудың соңында балалар үйінің директоры тәрбиеленушілер үшін қоштасу кешінің маңызыдығы жайлы айтып, осы күннің есте қаларлықтай өтуіне ат салысқан барша демеушілерге алғыс айтты. Түлектерге ыстық ықыласын білдіріп, үлкен өмірге аяқ басуларына ақ жол тіледі.
Қамкөңіл балаларға осылай көмек қолдау жасап, көңілдерін көтеру де өте жақсы іс қой!
Бұрым ОРЫНБАСАР.