Музейде көрме ұйымдастырылды

Музейде көрме ұйымдастырылды

Астана – арман қала! Олай дейтініміз, қазақ жерінде туып, талпынып ізденген кез-келген азамат көңіл көкжиегіндегі ұлы мақсаттарды бағындырар ұлы күшті бүгінде бас қаламыз Астанадан алады десек болады. Астанаға келген қандай қонақ болсын, ол мейлі шетелдік болсын, Астананың құдірет-күшін сезінеді. Ізденімпаз әрбір жас одан от алып, өзінің асқақ армандарына қол жеткізеді.
Еліміздің орталығында маңдайы жарқыраған әсем ғимараттары бар, заманауи әрленген Астанаға қарап, бүгінде өзге қалаларымыз да бой түзеуде. Түрлі мәдениет ошақтары ұлттық құндылығымызды насихаттап, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың ой-санасына рухани азық дәнін егуде.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «тәуекелдің» кемесіне мінген күннен, осындай арман болған сұлу қаланы еліміздің басты Ордасына айналдыруы үлкен мақтаныш, биік мәртебе! Жақында Қазақстанның түкпір-түкпірінде нұрлы қаланың 20 жылдық мерейтойы аталып өтті. Біз де бұдан тыс қалмадық.
Елбасымыздың кіндік қаны тамған, туған топырағында ашылған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы өз жұмыс жоспарына сәйкес, Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Астана – арман қала» атты көрме ұйымдастырды.
Көрмеде Астананың «Астана» қаласы болып бекіген жарлығы, Елбасымыздың Астананың алғашқы іргетасын қалап жатқан фотосуреттері, Астана туралы әртүрлі кітаптар және құнды жәдігерлер қамтылған.
Музейді тамашалай келген мектептегі лагерлер оқушылары ерекше әсерде болды. Көрменің көркін қыздырған қадірлі қонақтармыз, Елбасымыздың сыныптастары көрме жұмысынан соң өз естеліктерімен бөлісті.
Ынтымағы жарасқан елдің алмайтын қамалы, баспайтын асуы болмайды. Бейбіт еліміздің берекесі мен адал ісімізге берілген несібеміз қашанда мол болсын! Астанамыздың мерейлі мерекесі құтты болсын!
Б. НҰРБЕКОВА,
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының
бас қор сақтаушысы.