Полицейлер тұрғындар ортасына өздері келді / 39?

2019-09-13 14:09:54

Бүгін республика көлемінде өтіп жатқан "Аулада қабылдау" акциясы Қарасай ауданында да бастау алды, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
 Арнайы қабылдаулар елдімекендерде жолда, көшелерде, аулаларда сағат 09.00 бастап 19.00-ге дейін екі күн жүргізіледі. Алғашқы күнгі акция кезінде аудандық Полиция басқармасының басшысы Асхат Данияр бастаған басқарманың бөлімше өкілдері тұрғындардың барлық сұрақтарына жауап берді. Атап айтқанда, Қаскелең қаласының "Алтын ауыл" ықшам ауданындағы ашық алаңқайда тігілген шатырға бас сұққан адамдар ауданның бас полицейіне құқық қорғау саласына қатысты ұсыныстары мен тыныштық сақшыларына деген жақсы тілектерін жеткізіп жатты. Асхат Даниярұлы өз кезегінде мұндағы мақсат - полиция мен халық арасындағы байланысты нығайту екенін атап өтті. 

Сондай-ақ, келесі шатыр аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының алдына тігілді. Мұнда аудандық ПБ Жергілікті полиция қызметінің жаңадан тағайындалған басшысы Асхат Тегенбаев бастаған қызметкерлер тұрғындарды жол бойында қабылдап, ақпараттандырды.

Негізінен азаматтар автокөлікті тіркеу, жүргізуші куәліктерін беру және ауыстыру, жол жүрісін ұйымдастыру, автокөлікті қайтадан жабдықтауды рәсімдеу, әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін айыппұлдарды төлеу, көші-қон заңнамасын сақтау, азаматтық қаруды сатып алу, автокөлік құралдарын есептен шығару мәселелеріне қатысты сұрақтар қойды. Олардың барлығына ПБ бастығының бірінші орынбасары М.Нуриманов, Көші-қон қызметі бөлімшесінің бастығы М.Абилов, әкімшілік полиция бөлімі бастығының орынбасары М.Тулбаев, аға учаскелік полиция инспекторы Ғ.Каримов, кадр саясаты бөлімшесінің басшысы Ә.Керім, Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Э.Есенбаева және т.б. толыққанды жауап берді.  
Сондай-ақ, болашақта құқық қорғау саласында қызмет еткісі келетін жасөспірімдер полицей ағаларымен емін-еркін сөйлесіп, ақыл-кеңестеріне құлақ түрді. Мұндай шара ауыл халқын да пайдалы ақпаратпен қамту мақсатында Райымбек ауылдық округінде де ұйымдастырылды.
Екі күнге жалғасатын акция барысында аудан көлеміндегі өзге де тұрғын үй кешендері мен елді мекендер қамтылады деп жоспарлануда.