Ауыл ішіндегі жойқын жарылысқа кім кінәлі? / 42?

2019-09-05 12:09:48

 31 тамыз күні Қарасай ауданына қарасты Райымбек ауылында орналасқан кірпіш зауытында жарылыс болды, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
Бейбіт күнде майдан даласын көзге елстеткен жарылыс жұмыс барысында су буының қысымынан автоклавтың бөлініп кетуінен болғаны анықталды. Нәтижесінде цехтағы 1000 шаршы метр аумақтың тас-талқаны шықты. Егде жастағы бір адамның мәйіті табылып, екі адам ауыр жағдайда аурухана жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, тағы бір азаматқа амбулаториялық ем тағайындалып, үйіне жіберілген.Ауыр халде жеткізілген 81 жылғы бір жігіт сол күні кешке қайтыс болса, екінші 84 жылы туған азамат әлі де реанимацияда.

Зауыттан ұшып шыққан ұзындығы 32 метр, диаметрі 2 метр болатын құбыр жолындағының бәрін жаншып, түскен аумақтағы оннан астам үйді зақымдаған. Ондаған метрде орналасқан жекеменшік ғимаратқа келіп түскен құбыр сонда тұрған көлікті қаңылтырға айналдырған. Абырой болғанда сенбі күні бөбекжайда балалар болмаған.
Айналаға ұшқан тастар көліктерді де зақымдап, тіпті, есік алдындағы итке дейін өлтірген. Сыртта бейқам жұмыс істеп жатқан азаматтардың да денесі сырылып, өмірлеріне қауіп төнген.
Апат орын алған сәттен бастап құзырлы мекеме өкілдері оқиға орнына жиналды. Аудан әкімі Жандарбек Далабаев та арнайы келіп, жағдайды өз көзімен көрді. Тиісті бөлім, қызмет басшыларына қалпына келтіру жұмыстарын жылдам жүзеге асыруды тапсырды. Сондай-ақ, жергілікті әкімдіктің бұл шараларға қолғабыс ететінін жеткізді. Ал, облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел Амандық Ғаббасұлының тапсырмасымен қайтыс болған жұмысшының отбасына материалдық жәрдем көрсетілетінін, зардап шеккен үйлердің шығынын кірпіш зауыты өтейтінін фейсбуктегі парақшасына жазған.


Таяуда біз Райымбек ауылдық округінің әкімі Елжан Туленбаевқа хабарласып мән жайды сұраған болатынбыз. Ауыл әкімі қазіргі таңда сараптама жұмыстары әлі де жүріп жатқандығын, ешқандай ақпарат бере алмайтынын мәлімдеді.
Айта кетсек, жарылыс орын алған газо-бетон блоктарын өндіретін зауыт өз ісін округ орталығында 2007 жылы бастаған. Қазір мұнда 60 адам жұмыс істейді. Техникалық талаптарды сақтамаған зауыт иесінің үстінен іс қозғалды.
Аяқ асты орын алған апаттан абдырап қалған ауыл тұрғындары бір жағынан амандықтарына шүкір дейді. Дегенмен, елді мекен ішінде мұндай зауыттардың орналасқанына наразы.