"Асыл армандағы" айқайға не себеп? / 110?

2019-09-11 10:02:37

"Асыл арман" тұрғын үй кешені "Қолжетімді баспана" мемлекеттік бағдарламасы бойынша Алматы - Бішкек күре жолының бойына салынған. 9 қабаттан тұратын 21 үй. Негізінен мемлекеттік қызметкерлер мен әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын отбасылар қоныстанған мұнда. Баспана жергілікті әкімдік ұсынған тізім негізінде, "КИК" АҚ мен "Самұрық Қазына" жылжымайтын мүлік қоры арқылы жекешелендіріп алу құқығымен ұзақ жылға жалға берілді. Қазір мұнда 25 мыңға жуық тұрғын бар болса, олардың басым бөлігі - балалар. Дегенмен, сәні мен салтанаты келіскен кешеннің ең үлкен кемшілігі  - мектептің жоқтығы болып тұр.
Жалпы, бұл мәселеге таяуда өткен алқалы жиындардың бірінде аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы ерекше тоқталып өткен болатын. Аудан басшысы қайткен күнде де "Асыл арманға" мектеп салатынын жеткізген. Алайда, асылармандықтар білім мекемесінің жақын жылдары бой көтеретініне сенбейді.  Бұдан тыс, көлік сатып алмақ түгілі күнімізді әрең көріп жүрген тұрғындар қалаға қатынаудың да қиын екенін алға тартады. Себебі, мұнда тек бір ғана қоғамдық мршрут қарастырылған. Ал, жүргіншілердің трассаның бергі жағынан әрі қарай өтуі қаншалықты қауіпті екені, басқа әңгіме.
Бір сөзбен айтқанда, төлеп жатқан ақшамызға сай қолайлылық көріп жатқан жоқпыз деп шағымданған асылармандықтар мұндағы дәрігерлік амбулаторияның да, учаскелік полицейлердің де қызметіне көңілдері толмайтындығын жеткізді. Кешенге кіре-берістегі бейберекет жабайы сауданың, саны бар сапасы жоқ дәмханалардың берекені қашырғанын сөз етті. Әсіресе, аядай ғана кешенде, нақты айтқанда үйлердің жертөлесіне орналасқан сыраханалардан шаршаған жұрт.
Тұрғындар бір кездері мұнда егеуқұйрықтардың да қаптап кеткенін айтады.  Кей үйлерден қандала да шыққан. Арнайы мамандар келіп тазалап, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп кеткенімен, бұл жағдайдың қайталанбасына кім кепіл деп отыр олар.

Асылармандықтар жолдаған бұл сауалдар бойынша біз тұрғын үй кешенінің басқарушы мекемесі "Сервис Комфорт Плюс" ЖШС директорының орынбасары Шерхан Есіркенмен сұхбаттастық. Ол өз кезегінде тұрғындардың талабы мен арыз-шағымы орынсыз дейді. Ал, көңіліне жақпаса немесе қиналса мұнда ешкім-ешкімді қинап ұстап отырған жоқ деп сөздің тоқетерін бірақ түйді.  Оның айтуынша, пәтер иелері ешқандай айыппұл төлемей баспаналарынан бас тарта алады.
 Асылармандықтардың айына пәтердің бір шаршы метр пайдалы аумағына 52 теңгеден төлейміз. Қосымша құн салығын да бізден өндіреді. Ол ақшаны түгел жинап алып не істеп жатыр деген сауалына да мекеме өкілінің беретін жауабы дайын. Түсінгеніміз, осы қаражат есебінен кешеннің коммуналдық қызметтерін жүзеге асыратын жұмысшылардың жалақысы төленеді. Оның ішінде 22 аула сыпырушы, 14 тазалықшы, 9 сантехник, 6 электрик, 3 жылу технигі, 22 күзетші және әкімшілік қызметкерлер де бар. Ал, тарифтерді 2016 жылдан бері бір тиынға да көтермедік деп отыр.
Сыраханалардың барын жоққа шығара алмаған Шерхан Есіркен, сағат түнгі 11-ден соң жабылмай, халықтың мазасын алған кәсіпкерлерге учаскелік полицеймен бірлесе отыра ескерту жасап, тіпті бірнеше рет айыппұл салғандарын алға тартты. Бірақ, ғимаратты жалға беретін меншік иесі бар болғандықтан, өздерінің бұл жағдайда ештеңе істей алмайтындығын жеткізді. Дегенмен, оның сөзіне сүйенсек, ықшам ауданда қауіпсіздікке көп көңіл бөлінеді. Мұнда барлығы 1500-ға жуық бейнебақылау камералары орнатылған. Яғни, күзетшілердің кабинетіндегі компьютерден кешен аумағы алақандағыдай көрініп тұрады екен. Ал егеуқұйрықтардың пайда болуына адамдардың өздері себепкер дейді сұхбаттасымыз. Себебі, мұндай зиянкестер үйдегі қоқыстың уақытында шығарылмауынан, тазалықтың сақталмауынан жиналатынына сенімді. Ал, барлық осы проблемалардың орын алуына мектептің жоқтығы себеп дейді ол. 
Осындай үлкен мәселелердің туындауынан бүгінде көптеген пәтер иелері баспаналарын жалға беріп, басқа жаққа қоныс аударған. Сондықтан, кешен тұрғындарының тек 30-40 пайызы ғана үйлердің нақты иелері деуге болады. Журналист Алма Кенжебекова қаржылық қиындық пен тұрмыс тауқыметіне шыдай алмаған талай шаңырақтың шайқалғанын өз көзіммен көрдім деп отыр.
Не қалаға жатпаймыз, не Қарасай ауданынан дұрыс қолдау көрмейміз деген асылармандықтардың арманы бір . Олар жанайқайымызды жоғарғы жақ естісе және жәрдемдессе екен дейді. Ал, таяу арада нәтиже болмаса Президентке хат жазамыз деп бекініп отыр.