Сәулеті мен дәулеті келіскен

Сәулеті мен дәулеті  келіскен

«Біз Сарыарқаның сайын даласына сәулеті мен дәулеті келіскен Астана салдық. Есілдің жағасына серпінді дамуымыздың символы болған еңселі Елорда қондырдық»
Н.Ә.Назарбаев.

Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы ұсынысты Елбасы 1994 жылы 6 шілдеде, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің жиынында айтқан болатын. Астана тағдыры осы күні шешілді. 1997 жылдың 20 қазанында «Ақмола қаласын ҚР астанасы деп жариялау туралы» Елбасы Жарлығы шықты. Ал, 1998 жылы 10 маусымда жаңа Астана қаласының тұсауы кесілді. Міне, содан бері өткен 20 жыл ішінде Астана адам танымастай өзгерді. Аспанмен таласқан ғимараттар, оқу орындары, бірнеше спорт кешендері, алыс-жақын шетел делегацияларымен бас қосатын орындар, алыстан қол бұлғап шақыратын ЭКСПО қалашығы және де басқа толып жатқан мәдени орындар қала көркін арттыра түсуде.
«Барша әлем назар салған бас қала, егіз ұғым Елбасы мен Астана» десек, астананың бой көтеруі, күн сайын өсіп өркендеуі тікелей Президенттің басшылық жасауында екені сөзсіз. Бұл күнде осы елеулі оқиға барлық мәдени орындарда, балабақшадан бастап мектеп, жоғарғы оқу орындарында қызу аталып өтіп, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда, кештер мен дөңгелек үстөлдер, сынып сағаттары ұйымдастырылуда.
Сондай мәдени шара өткен оқу жылы аяғында біздің орта мектепте болып өтті. «Елімнің ардақтаған Астанасы, жерімнің асқақтаған бас қаласы» атауымен болған әдеби-сазды бағдарламада Астананың осы күнге дейінгі жеткен жетістігі мен асқақтығы оқырмандардың мақтаныш сезіммен айтқан жырларына арқау болды. Кеште арман қала – Астанамыз туралы ақындар өлеңі оқылды, әуелете әндер шырқалды. Сол сияқты Астана өз дамуында көптеген мемлекеттік және әлеуметтік оқиғалардың орталығы болғаны айтылып өтті. Жалпы, бұл іс-шараның өткізілу мақсаты жастарды өз Отанын құрметтеуге, елін, туған жерін сүйе білуге тәрбиелеу болатын. Сондықтанда мұндай жұмыстардың оқушылардың ой-санасын көтеруге көп ықпалы бар. Иә, дәл осындай игі істер жастарды патриоттыққа, адалдыққа, елге деген сүйіспеншілікке шақырады!
К.ТИЛЕУЖАНОВА,
Б.Тамабаев атындағы орта мектептің
кітапхана қызметкері.